Катар риалы саяси дағдарыстың әсерінен құлдырап кетті

Катар риалы саяси дағдарыстың әсерінен құлдырап кетті
Көрнекі сурет vestifinanc.ru сайтынан алынды.

Доха. 8 маусым. 7kun.kz — Катардың ұлттық валютасы соңғы 11 жылдағы ең төмен көрсеткішке жетті, деп хабарлады Reuters. Оған Парсы шығанағындағы елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгені әсер етіп отыр.

АҚШ доллары мен Катар риалының валюталық жұбы 7 маусымда 2005 жылғы көрсеткішке дейін төмендеді. Банк аралық валюта нарығында 1 АҚШ доллары 3,6517 риалдан сатылып жатыр.

Ал Катар Орталық банкі әзірге ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамын 3,64 деңгейінде сақтап отыр. Сонымен бірге, Орталық банк валютаны халықаралық резервтер есебінен ұстап тұратындарын мәлімдеді. Бірақ өзге де болжамдарға сенсек, риал позициясына қатысты қысым сақталатын болса, ОБ ұлттық валюта курсының долларға «байлануынан» бас тартуына тура келеді.

Форвард-нарық (мәміле ұзақ уақыт бойына жасасылатын нарық) алдағы уақытта Катар риалының курсы төмендей беретінін болжап отыр, деп мәлімдеді ZeroHedge порталы.