БизнесЖаңалықтарТаңдаулы1

Өмірдегі миссиясын дипломсыз-ақ анықтаған 21 жастағы кәсіпкер

Алматы. 30 қазан. 7kun.kz – Бүгінгі кейіпкеріміз Ілияс Мәлік алғашында ақша табу үшін түрлі кәсіппен айналысқан. 21 жастағы тәжірибелі кәсіпкер кәсіп ашу туралы ой студент кезде келгенін айтады. Өмірдегі миссиясын дипломсыз-ақ анықтаған іскер азамат бізге кәсіпте табысты болудың құпиясын айтып берді.

— Ең алғашқы табысыңыз есіңізде ме? Кәсіпкер болам деген ой қашан, қалай келді?

— Қателеспесем, 8 немесе 9 сыныпта оқып жүрген кезім болуы керек. Ол кезде Вконтакте желісі хит болатын. Желідегі парақшаларда «Кім күштірек?» деген ойындар өтетін. Осындай батлдарда арнайы бағдарламаның көмегімен лүпіл жинаумен айналыстым. Фотошоппен жұмыс істей алатынмын. 5000 лүпілді 4000 теңгеге саттым. Қолымнан он мың лүпілге дейін жинау келетін. Осылайша, аптасына 5-10 мың теңге табатын едім.

Жоғары сыныпқа келгенде «5+» деген ҰБТ-ға дайындалатын бағдарлама орнатумен айналыстым. 1200 теңгеге 50 дисктік болванка сатып алдым. Күні бойы компьютердің алдында отырып, бағдарламаны қалай жүктеу керектігіе үйреніп алдым. Негізі бір дискідегі бағдарлама бір-ақ компьютерге жазылады. Бағaсы 4500 теңге. Мен оны жүктеп, 3500 теңгеден сататын болдым. Сөйтіп, 50 дискті Жамбыл ауданына, Ұзынағашқа саттым. Арасында Қарасай ауданына, Қаскелең тұрғындарына саттым.

Өзім әлі мектеп оқушысы болған соң тапқан табысымды үйдегілерге бердім. Мектеп бітіретін кезде өзімнің ақшама киіндім.

80 стартаптың ішіндегі жалғыз қазақша жоба

 — Кәсіпті неден бастадыңыз?

— Алғашында кәсіпкер болам деп емес, ақша табам деген оймен жүрдім. Мектеп бітірген соң Нархоз университетіне оқуға түстім. Оқып жүргенде видеомонтажбен айналыстық. Университет қабырғасында өз ісін білетін мамандардың жанында екі жыл тегін жұмыс істедім. Мақсатым — тәжірибе жинау еді. Кәсіпкер болам деген шешімді 2-курста қабылдадым. Осындай шешімге келген соң сабаққа қатыспадым. Алғашында Қытайдан онлайн сату тәсілдерін үйреніп, кроссовка, жамылғыш алып келіп саттым.

Ең алғашқы стартап деп «Baby dream» жобасын айтсам болады. Жобаның мақсаты — кішкентай балаларға сурет салғызып, тура сол суреттегідей жұмсақ ойыншықтартігу, осылайша балаларға өздері армандаған ойыншықты жасап беру болатын. Осы жобамен «Zhastar innovation» байқауына қатыстым. Байқауда 80 жоба болды. 79-ы орыс тілінде, өзім ғана қазақ тілінде қорғадым. Сол 80 жобаның оны іріктеліп, 500 мың теңге жүлде қорына ие болды. Стартаптың алғашқы капиталын осылай таптым. Бірақ, кейін бұл жобаны тоқтатуға тура келді.

— Қазір екінің бірі кәсіп бастайды. Бәсекеден қорықпайсыз ба?

— Жоқ, қорықпаймын. Керісінше, бәсекелестеріміздің дамығаны бізге жақсы. Бәсеке болған жерде даму болады, сапа болады. Кімнің сапасы жақсы, нарық соған барады. Нарықта таңдау болғаны тұтынушы үшін де, өндіруші үшін де жақсы. Қазақстан нарығына осы нәрсе жетіспейді. Бәсекелестерімнің көбейгеніне қуанбасам, ренжімеймін.

 — Кәсіп бастау үшін нені білу керек?

— Соңғы кезде бизнесті 0-ден қалай бастау керектігін үйретеміз дейтіндер көбейіп кетті. Шындығында, кәсіп бастау үшін ең алдымен ниет пен еңбек керек. Кәсіп бастап қойып қашан бай боламын деп күтіп отыруға болмайды. Үнемі ізденісте, даму жолында жүру керек. Өзім жақында бір курс оқып аяқтадым. Үнемі нарықта бірінші болу үшін өзгеріс жасауға, заман талабынан қалмауға тырысамыз.

 — Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

— Жоспар өте көп. Жақында «Im Group» деген топ аштық. 100 интернет дүкен ашсақ деген мәселе күн тәртібінде тұр. Әзірге оның тек екеуі жұмыс істейді.

Барлығы ойдан басталады

 — Кәсіпке бет бұрғалы қандай өзгерістер болды?

— Өмірге деген көзқарасым, ойлау қабілетім өзгерді деп айта аламын. Мысалы ақшаға, жұмысқа деген позитивті көзқарас пайда болды. Барлығы ойдан басталады деген сөз рас. Бірінші ойлап, кейін әрекет ететіндіктен алдымен ой дұрыс болуы керек. Сонда әрекет те, оның нәтижесі де дұрыс болады.

Әлеуметтік желіні жиі қолданасыз ба? Кәсіпте мұны нетуоркинг ретінде қолдану қаншалықты тиімді?

— Мен үшін әлеуметтік желі құрал. Құралды әркім әр түрлі қолданады. Кәсіпкерлер арасында желіні брэндинг ретінде қолдану үрдісі басым. Таяқтың екі ұшы болатынын сияқты, әлеуметтік желінің де пайдалы әрі зиянды тұстары бар. Желіде отырып уақыт өлтіруге де, пайда табуға да болады. Дәл қазір инстаграм табыс табудың көзіне айналып отыр.

Нетуоркинг ретінде тиімді тұстары көп. Қазір адамдармен қарым-қатынас кезінде қолжетімділік бар. Қандай танымал тұлға болмасын әлеуметтік желінің қолданушысы ретінде тіркелген. Демек, кез келген адаммен желі арқылы байланысуға болады.

 — Қабілетсіз адам болмайды, тек қабілетін дамытпаған адам болады депсіз әлеуметтік желідегі парақшаңызда. Адамдар қабілетін қандай жолмен дамытуы керек деп ойлайсыз?

— Ең алдымен, қабілеттің қандай бағытта екені анықтау керек. Оны анықтаудың түрлі әдіс-тәсілдері бар. Өзіңе ұнайтын, өзіңе ыңғайлы әрекетті әдетке айналдыру керек. 21 күн бойы қайталанған әрекет әдетке, 90 күннен кейін әдет өмірлік нормаға айналады. Өзім күн сайын 20 минутымды кітап оқуға бөлемін. Егер жасаған әрекетіңіз нәтиже бермей жатса, қабілетсізбін деп ойлауға болмайды. Себебі, қабілетті дамыту үшін төзімділік керек.

 — Кәсіпкерге қателесу тән бе? Сәтсіз кәсіптен кейін қандай қиындықтар болады және оны қалай жеңу керек? Жеке тәжірибеңізден өткен ақыл-кеңестер айтып берсеңіз. 

— Кәсіпкер де, инженер де, дәрігер де қателеседі. Себебі ол — адам. Ал, адам қателікті мойындай білу керек. Ол үшін 100% жауапкершілік керек. Адам баласы қателікті мойындай білгенде ғана, бәрін қайта қалпына келтіре алады. Менде де қателіктер болды, оларды қазір жасамауға тырысамын.

Осы күнге дейін 3 рет банкротқа ұшырадым. Алғашқы екеуінде қатты ауыртпашылық болмады. Үшіншісі маған сабақ болды. Ол менің тәжірибемнің жетіспегендігінен болды деп ойлаймын. Ешқашан бұл сәтсіздіктерім үшін өкінген жоқпын. Керісінше, қайта тұру үшін одан да көп күш саламын деп шештім. Мұндай өтпелі кезеңді әрбір кәсіпкер бастан кешірген шығар.

 — Кәсіп бастағанда команданың қолдауы қаншалықты маңызды? Өзіңіз қазіргі командаңызды қандай критерийлер бойынша жасақтадыңыз?

— Команда біртіндеп құрылды. Алғашында досымды, кейіннен таныстарымды шақырдым. Банкротқа ұшыраған кезімізде бұл қысымға біреу шыдаса, біреу шыдамады. Уақыт өте келе команда ауысып отырды. Қазір командамызда жеті қыз бар. Бәрі де білімді, білікті жас қыздар. Жастарда күш, қуат, ақыл, ой, энергия көп. Әлемді, елді, экономиканы өзгертетін жастар деп ойлаймын.

 — Әлемде бизнес идеялар мен форматтар көп. Сіз қандай принцип ұстанасыз?

— Кәсіп ашуды, бизнес жолына түсу туралы жиі ойланатынмын. Өткенде оқушы күнімде жазған шығармамды тауып алдым. «Мықты кәсіпкер болам” деп жазыппын. Бала күнімнен біреуге еліктемеппін. Қатарластарым бэтмен болам деп жүргенде, мен Ілияс боламын дейтінмін. Өзімді бір тұлға ретінде елестетуші едім. Сондықтан, біреудің салған бизнес жолымен немесе бизнесидеясымен жүрмедім. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан да «өзіндік даму моделін» ұстанды. Одан жаман болмады. Мен де өзімнің форматыммен, өз ұстанымыммен ғана жұмыс істедім. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс істейміз деген ойдамын.

 — Сіздің ойыңызша қазақстандықтар кәсіпке қабілетті ме?

— Иә, қабілетті. Жоғарыда айтқанымдай, қабілетті дамыту үшін бәсекелестік керек. Бір салада жиырмадан астам компания жұмыс істесе, әрқайсысында кем дегенде он қызметкер болса, барлығы екі жүз жұмысшы деген сөз. Екі жүз қызметкер екі жүз отбасының мүшесі, ір отбасыда кем дегенде екі баладан бар десек, Қазақстан даму жолында көптеген кәсіпкерлерге жол ашады. Осыдан кейін қалай Қазақстанда кәсіпкерлік дамымайды деп айтуға болады? Қазақстанда мүмкіндік көп. Тек соны дамытуға уақыт керек.

Tags

Осы айдарда

Close