ЖаңалықтарТаңдаулы1

Н.Назарбаевтың Астананың 20 жылдық мерейтойына арнап сөйлеген сөзі

Құрметті отандастар! Ардақты астаналықтар! Қадірменді қонақтар!

Баршаңызды тәуелсіз еліміздің қасиетті төрі, құтты мекені, ел тірегі – Астанамыздың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бүгінгі салтанатты жиынға бауырлас елдердің басшылары қатысуда.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков және басқа да бірқатар мәртебелі меймандар келді.

Сіздерге еңселі елордамыздың мерейтойына арнайы келгендеріңіз  үшін бүкіл қазақстандықтардың атынан ризашылық білдіремін.

Бүгінде әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, Астана деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды.

Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – бар ғұмырын жойқын соғыстармен өткізген батыр бабаларымыз армандап, біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз.

Еуразия кіндігінде орналасқан елорданың төңірегі халқымыз үшін ежелден құтты мекен болған.

Америкалық ғалым Майкл Фрачети бастаған археологтар Елорданың теріскейіндегі ежелгі Ботай қонысында кешенді зерттеулер жүргізді.

 Соның нәтижесінде бабаларымыз осыдан 6000 жыл бұрын адамзат тарихында тұңғыш рет жабайы жылқыны қолға үйретіп, ат әбзелдерін жасап, қымыз ашытқанын дәлелдеді.

Орталық Қазақстан өңірі – қола дәуірінде металл қорытып, оны өңдеген әлемдегі ірі орталықтардың бірі.

Іргетасы Есілдің сол жағалауында VIII-IX ғасырларда қаланған ортағасырлық Бозоқ қаласын да бүгінгі Астананың атасы деуге әбден болады.

Астана ел қамын жеген Едігеден бастап, Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының жазғы резиденциялары қызметін атқарған.

Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты.

Осы жер – Тәукенің ұлы Сәмеке ханның, одан кейін немересі, Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжаның ата қонысы.

Қазақ хандарының «хан жайлауы» деп аталған жазғы ордалары да Арқа төсінде – Астананың іргесінде көтеріліпті.

Бұл бас қаламыздың Ұлы Даланың ғаламат жаңғыртушылық күшін бойына жинаған қасиетті төрінде орныққанын тарихи тұрғыдан дәлелдейді.

Өкінішке орай, Кеңес заманында Астана мен оның төңірегі АЛЖИР, КарЛаг, СтепЛаг сияқты жантүршігерлік сталиндік жазалау лагерьлеріне айналды.

Сол кезеңде халқымыздың құйқалы қонысын жапан түз, «тың өлкесі» ретінде ғана көрсету белең алды.

Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Астананы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондырдық.

«Қазақстандық жол» – ел дамуының жаңа стратегиясы дәл осы берекелі шаһардан бастау алды.

Еліміздің бар өңіріне тартылған «Нұрлы жол» да Астанадан шуақ шашты.

Тіпті біздің заманды «Нұрлы жол» деп атаса да лайық.

Бүгінгі ұланасыр тойда Астана байтағын өз қолымен тұрғызған барша отандастарыма алғыс айтамын.

Осы күндері елорданың туған күніне саябақ, көпір сияқты жаңа нысандар тарту етіп, қолдау көрсетіп жатқан барлық өңірлерге шынайы ризашылығымды білдіремін.

Бас қаламызды көркейту ісіне бүкіл қазақстандықтар жұмыла атсалысып, өз үлестерін қосты.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Астананың салынуымен бірге қазақтың жаңа дәуірі басталды.

Елорданың 20 жылдық торқалы тойында осыны тарқата айтудың реті келді деп білемін.

Ең алдымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылған қазақ мемлекеттілігінің барлық институттары біржола орнықты.

Астана қалыптасқан мемлекеттің бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталығына айналды.

Екіншіден, терең тамырлы тарихы ежелгі сақ, ғұн, көк түрік, Дешті Қыпшақтан бастау алатын халқымыздың бүгінгідей атағы аспандап, абыройы артқан кезі болған емес.

Қазақтың даңқын аспандатқан да, асқақтатқан да – қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ару Астанамыз.

Үшіншіден, Астана Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалады.

Астана ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» бірегей стратегиясы жасалды.

Төртіншіден, Астана бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады.

Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды.

Бесіншіден, Астана күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды.

Біз Ата заңымызда әрбір қазақстандыққа наным, сенім, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты төрге оздырдық.

Бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін өткізіп, аяулы астанамызды ізгі жандардың мейірі мен шапағатына  бөледік.

Алтыншыдан, Астана бірлігі жарасқан көп ұлтты халқымыздың берекелі байтағына айналды.

Біз тағдыр жазуымен көп ұлтты мемлекет болдық.

Жүзден астам ұлт пен ұлыстың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастырдық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайын салдық.

Жетіншіден, елорда ежелден көшіп-қонуға бейім халқымыздың жаңа миграциялық үдерістеріне жол ашты.

20 жыл ішінде Астана халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары бір миллионнан асқан алып мегаполиске айналды.

Елдің іргесі бекемделіп, оңтүстік өңір тұрғындары Арқа төсіне қоныс аудара бастады.

Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді.

Астананың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті.

Сегізіншіден, елордада жаңа өмір салты, жайлы тұрмыстың бірегей стандарты, айрықша астаналық стиль орнықты.

Осы орайда, мен жаңалыққа, ғылым-білімге құштар жас ұрпақтың бойынан ата дәстүрге адалдықтың, бәсекеге қабілеттіліктің жарқын келбетін көремін.

Елордада жаңа қазақ ұлты мен оның элитасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.

Тоғызыншыдан, елорда әуел бастан экологиялық таза қала болады деп жоспарланды.

Астана адамдардың жайлы тұрмысы мен алаңсыз тіршілігі үшін салынды.

Менің тапсырмам бойынша сұлу Көкшенің орман-тоғайымен ұштасқан елорданың жасыл белдеуі жасалды.

Қаланың іші әдемі гүлзарлармен көмкеріліп, саялы парктермен ажарлана  түсті.

Жаңадан ашылған ботаникалық бақ жинақталған бай тәжірибені қорытып, елорданы көркейте түсетініне кәміл сенемін.

Оныншыдан, Астана жаңа идеялар мен инновацияның әлем таныған орталығына айналды.

Елордада жаһандық экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын Астана экономикалық форумы өткізілуде.

Дүние жүзінің 100-ге жуық елінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, түрлі саланың ғалымдары мен сарапшылары жыл сайын Астанада бас қосады.

Олар осы заманғы экономикалық трансформациялар мен сын-қатерлер мәселесін талқылап, оны еңсерудің жолдарына қатысты ұсыныстар енгізуде.

Астана бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа айналды.

Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің, Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымды форумдары күллі әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттар қабылдады.

Астанада әлемнің 56 елінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының айтулы саммиті өткізілді.

Бұл жиында «Астана декларациясы» деген атпен тарихқа енген аса маңызды құжат өмірге келді.

57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымының сессиясы да біздің елордада өтті.

Бұл басқосу Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына ұласты.

Егер сәні мен салтанаты келіскен әсем Астанамыз болмаса, осындай күллі әлемді таң қалдырған айтулы форумдарды өткізе алар ма едік?!

Елорда күні қарсаңында біз ЕХРО қалашығында жаңа «Астана» халықаралық қаржы орталығын аштық.

Былтыр өткен «Астана ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі де Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келешегін әлемге танытты.

Мен сол уақытта «Осы көрменің шапағатын әлі талай көретін боламыз» деген едім.

Бүгінде Астана Лондон мен Сингапур арасындағы ең үлкен халықаралық қаржы орталығына айналып отыр.

Ханымдар мен мырзалар! Ардақты ағайын!

Желкілдеген тудай жиырмаға енді ғана келген бас қаламыз қазір нағыз кемел шағында.

Астана – қазақтың ХХІ ғасырдағы дәуірлеу кезеңінің ақ бастауы.

Астана – қалыптасқан мемлекеттің жаңа стратегиялық бағытын нұсқайтын айқын бағдар.

Астана – жасару мен жаңғыру жолындағы жасампаз ұлтымыздың жаңа келбеті.

Астана – жоғары технологиялар мен инновациялық идеялардың лабораториясы.

Астана – ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің, бейбітшілік пен береке-бірліктің қаласы.

Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі!

Астана тойы құтты болсын!

Той тойға ұлассын!

Алға Қазақстан!

Жарқырап, жайнап, жасай бер ардақты Астана!

Tags

Осы айдарда

Close