«Нұрбанк» клиенттері карталарын бес күннен бері қолдана алмай отыр

302

Алматы. 16 наурыз. 7kun.kz — Алматылық Юлия Яскевич өткен аптаның сенбісінен бері картамен төлем жасай алмай отырғанын айтады. Оның сөзінше, банк жүйені қайта іске қосылатынын хабарлап, күн сайын уәде беріп келгенімен, ештеңе өзгермеген. Бұл туралы informburo.kz жазды.

«Кеше хабарласқанымызда, сол күні жөндейтінін айтты. Бүгін хабарлассақ, қазір жөндейміз дейді. Демек, ешқашан жөндемейді ғой? Интернет арқылы да, онлайн-магазиндерде де, «Uber», «Яндекс Такси»-дің ақысын төлеу мүмкін болмай тұр. Картадағы ақшамызды қолдана алмай отырмыз. Ең қызығы, банкке хабарлассақ, техникалық жұмыстардың қашан аяқталатынын да айта алмайды», — деп шағымданады банк тұтыншулары.

Ал «Нұрбанк» АҚ-ның баспасөз хатшысы Айгүл Қасенова мұндай уақытша қиындықтар банктегі профилактикалық жұмыстарға байланысты болып отырғанын жеткізді.

«Тұтынушылардың қауіпсіздігі мен қызмет көрсету деңгейін жақсарту үшін жүргізіліп жатқан жоспарлы жөндеу жұмыстарының салдарынан кейбір операцияларды іске асыру мүмкін болмауы мүмкін. Біз ендігісі аяқтап та қалдық, уайымдамаңыздар«, – деді Айгүл Қасенова. Оның айтуынша, операцияның біраз бөлігі, аппараттар да, терминалдар да жұмыс істеп жатыр.