Нұрлан Смағұлов MEGA Astana мен MEGA Aktobe орталығын сатты

Фото: forbes.kz

Алматы. 10 қазан. 7kun.kz — Нурлан Смағұлов MEGA Astana мен MEGA Aktobe орталығын сатты. Бұл туралы Astana Group компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, forbes.kz хабарлайды.

Баспасөз қызметінің өкілдері хабарлағандай, ойын-сауық орталықтарына енді  «ADD Invest Properties» ЖШС иелік етеді.

«ADD Invest Properties» бұған дейін Karoc деп аталған. Компанияның иелігінде «Керуен» ойын-сауық орталығы мен «Boxing development Centre» ЖШС бар.

Қаржылық есеп депозитарийі сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, MEGA Aktobe 11,2 млрд теңгеге сатылған. Ал MEGA Astana ойын-сауық орталығының қаншаға сатылғаны белгісіз. Компания келісім құны қанша болғанын айтудан бас тартты.

Айта кетейік, Нұрлан Смағұлов 2015 жылы MEGA Shymkent орталығын сатқан болатын. Сондай-ақ «Шымкент» сауда үйі сатылған. Орталық активтері 2,2 млрд теңгеге бағаланған.

«Үш нысанды сатудан түскен қаржы MEGA Silk Way жобасын жүзеге асыруға салынды. Компанияның MEGA Silk Way құрылысына жұмсаған жалпы қаржысы 28%-ды құрайды(жеке қаражат)», — деп атап өтті Astana Group компаниясының баспасөз қызметі.

Қазақстандағы ең ірі MEGA Silk Way ойын-сауық орталығының құрылысы 2014 жылдың қыркүйек айында басталған. 2016 жылдың наурыз айында Нұрлан Смағұлов 65%-ы аяқталғаны туралы айтқан болатын. Ойын-сауық орталығына тартылған инвестиция 71 млрд теңгені құрайды. Оның 72%-ы қарызға алынса, 28%-ы жеке қаражат.