Басты бетке Жаңалықтар Нұрлы жол бағдарламасы бойынша қаржы толық игерілмеген

Нұрлы жол бағдарламасы бойынша қаржы толық игерілмеген

Фото: inform.kz

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі аккаунтында хабарлады, деп жазды премьер-министрдің ресми сайты.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы кеңес өткіздім. Өңірлердегі проблемалық мәселелер бақылауға қойылды», – деп жазды ҚР Премьер-Министрі өзінің Twitter-інде.

«Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі көрсеткіштері туралы ҚР ұлттық экономика министрінің орынбасары Марат Құсайынов баяндады. Оның мәліметінше, бағдарлама аясында автожол саласын дамытуға бөлінген 59,2 млрд теңге қаражат толық игерілді.

Дегенмен «Білім беру саласында инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша 60,9 млрд теңге көлеміндегі жылдық қаржыландырудың 22,3 млрд теңгесі игерілді. Сонымен қатар, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 2016 жылы 78,5 млрд теңге қарастырылған. 2016 жылғы 25 шілдедегі жағдай бойынша қаржыландыру жоспарына сәйкес 30,5 млрд теңге бөлінген, оның 28,1 млрд теңгесі, немесе қаржыландыру жоспарының 92% игерілді. Толық игерілмеу Алматы, Жамбыл, БҚО, Қостанай, СҚО, ОҚО және Астанада күтілуде.

ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып өткендей, қазіргі таңда 96 білім беру нысандарының (77 мектеп және 19 балабақша) құрылысы жүріп жатыр, алайда мұнда да бірқатар облыстарда қаражатты толық игермеу қатерлері бар.

Жұмыс кеңесінің қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкімет мүшелеріне бағдарламаны жүзеге асырудың уақытылы орындалуын және бөлінген қаражатты толық игеруді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.