ЖаңалықтарМемлекетТаңдаулы1Экономика

Наурызда инфляцияның жылдық деңгейі 6,6 пайыз болды

Алматы. 16 сәуір. 7kunkz — Наурызда инфляцияның жылдық деңгейі нысаналы дәліз шегінде сақтала отырып, 6,6% болды. Өндірушілер шығасыларының өсуі және импорттың қымбаттауы инфляцияның негізгі факторлары болып қалады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Ол, сондай-ақ қаңтар-ақпанда халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі 2017 жылғы үздіксіз төмендеуден кейін оң аймаққа ауысқанын атап өтті. «Тиісінше, біз ішкі сұраныстың күшеюін күтеміз».

Оның айтуынша, құбылмалы құрауыштар кірмейтін базалық инфляция наурыздың қорытындысы бойынша жалпы инфляциядан төмен – 5,9% болуын жалғастыруда, бұл тұтыну нарығындағы инфляциялық қысымның төмендеуін растайды.

«Халықтың инфляциялық күтулері төмендеп келеді. Наурызда халыққа жүргізілген пікіртерім нәтижелерін бағалау жыл басынан бастап бір жыл бұрын күтілетін инфляцияның 7,1%-дан 5,8%-ға дейін төмендеуді көрсетті. Қабылданатын инфляция көрсеткіштері өзгерген жоқ. 2017 жылы тауарлар бағасы бұрынғыға қарағанда тезірек өсті деп есептейтін респонденттердің үлесі наурызда 49% деңгейінде қалды», — деді Д. Ақышев.

Ол экономикалық белсенділік оң серпін көрсетіп жатқанын атап өтті.

«Қаңтар-ақпанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор жылдық көрсетуде 5,2%-ға өсті. Тау-кен және өңдеуші өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, сауда мен көлікте оң өсу қарқындары сақталып отыр. Атап айтқанда, өңделмеген мұнай мен темір кенін өндірудің ұлғаюы, металлургияда, азық-түлік өнімдерін өндіруде және машина құрылысында өсу байқалып отыр. Екі айда негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 54,4% болды», — деді Д. Ақышев.

Оның айтуынша, сыртқы нарықтардағы ахуал Қазақстан үшін қолайлы болып сақталады. Базалық мөлшерлеме бойынша алдыңғы шешім қабылданған кезеңнен бері сыртқы іргелі факторлар серпіні өзгерген жоқ. Жылдың басынан бастап мұнай бағасы орташа алғанда бір баррель үшін 65 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасты. Негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция қарқыны қалыпты болып бағаланады.

«Ұлттық банк сыртқы нарықтардағы ахуалға үнемі мониторинг жүргізіп, оның Қазақстанның қаржы нарығына әсерін бағалап отырады. Өткен аптадағы Ресейдегі оқиғаларға жауап ретінде ішкі валюта нарығындағы құбылмалылықты біз қысқа мерзімді, қалыпты деп бағалаймыз. Осыған байланысты теңге бағамының әлсіреуіне жауап ретінде Ұлттық банк ақша-кредит талаптарын қатаңдату қажет емес деп санайды», — деп қорытындылады Д. Ақышев.

Tags

Осы айдарда

Close