Назарбаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды

Фото: akorda.kz

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев премьер-министр Кәрім Мәсімовты қабылдады. Кездесуде Президент Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмыс нәтижесін ұсынуды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында К.Мәсімов Нұрсұлтан Назарбаевқа ел дамуының негізгі әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері, басты мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, сондай-ақ Жер реформасы жөніндегі комиссияның қазіргі қызметі туралы баяндады.

Мемлекет басшысы жыл соңына дейін бірқатар маңызды міндеттерді шешуді қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті.

«Біріншіден, экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілмеуі тиіс, ол үшін барлық жағдай жасалған, қажетті қаражаттар бөлінген, жұмыстың тиісті бағыттары анықталған. Екіншіден, астық жинау мен күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелеріне назар аудару қажет. Сонымен бірге ЭКСПО-2017 көрмесі мен 2017 жылғы қысқы Универсиадаға әзірлікті жалғастыру керек», – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев елдің одан әрі индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ету және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды.

Тамыз айының соңында біз Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, алдын-ала қорытындыларын жасау және ары қарайғы іс-қимылды айқындау үшін барлық аталған мәселелердің шешімін әзірлеуді сұраймын», – деді Мемлекет басшысы.