Несие картасын қалай қолдану керек?

2318
несие

Несие картасы туралы екі түрлі пікір естіп жүрмін. Несие картасының кесірінен қарызға кіріп кеттік дегендер көп. Кейбір жерде дұрыс пайдалансаң керісінше тиімді деп жазып жүр. Жақында банктердің бірі несие картасын берген еді. Қолдануға қорқып жүрмін. Толық түсіндірсеңіздер.

                        Айбек, Алматыдан, bizderge@gmail.com почтасынан жолданған

Айбек, сұрағыңызға рахмет. Шынымен несие картасы әр түрлі пікір бар. Қарызға кіріп, құтыла алмай жүрміз дейтіндер де көп. Алайда сіз жазған екінші пікір дұрыс.

Бәрін басынан түсіндіре кетейік. Сіз банкке өтініш беріп, несие картасын шартты түрде қарыз аласыз. Алайда қарыз қолма-қол ақша түрінде емес, төлем картасының ішіне салынған қаражат ретінде беріледі. Банк тұтынушының төлем қабілеттілігіне сай карта ішіндегі қаражат белгілі мөлшерде  болады. Сіз несие картасындағы қаражатты қолданған соң, орнына қайта қойып, қаражатты қайта пайдалана аласыз. Яғни несие картасындағы қаражатты көпмәрте пайдалану мүмкіндігі бар.

Несие картасынан зардап шектік дегендер ең алдымен, мынадай қарапайым затты түсіну керек: несие картасы өздігінен алғанда жақсы да, жаман да емес, ол тек – құрал! Мәселен, балға секілді. Әрине, егер оны дұрыс қолдануды, шегені қай жағымен ұру керектігін білмесеңіз, қолыңызды жарақаттап немесе мүлкіңізге зиян келуі мүмкін. Бұл жерде балғаның еш кінәсі жоқ. Білместік пен қолыңыздың қисықтығынан ғана көре аласыз. Сол секілді несие картасы да керек кезде жаныңыздан табылар серігіңіз, арманыңызды орындауға бір қадам жақындатар көмекшіңіз бола алады. Бірақ, дұрыс қолдана білмеген адамды қарызға белшесінен батыра да алады. Қолыңызға құралды алмас бұрын, оны толықтай зерттеп, жұмыс істеу тәсілін үйреніп алған жөн. Сол кезде ғана оны өз игілігіңізге пайдалануға ешкім де кедергі бола алмайды.

Мына қарапайым сөзді жадыңызға түйіп алыңыз: несие картасы ешқашан өздігінен әрекет етпейді. Барлығы өз әрекетіңізге байланысты. Сондықтан несие картасын қолданбас бұрын – келісімшартты мұқият оқып шығыңыз, үтір-нүктесіне дейін зер салыңыз, егер бір нәрсе түсініксіз болса, банкке хабарласып, нақтылап сұраңыз! Толық ақпарат алғанша несие картасын пайдаланбаңыз.

Көбінесе келісімшартқа деген зейінсіздік пен картаны мақсатты қолданбау сіздің банк алдындағы қарызыңыздың көлемін көбейтуге әкеп соғады. Қарапайым мысал: егер сіз несие картасындағы қаражатты жұмсап, жеңілдік науқанында жұмсаған ақшаңызды қайтаратын болсаңыз, пайыз үстемесі қосылмайды. Жеңілдік науқаны дегеніміз картадағы несие лимиті немесе қаражатты қолданғаннан кейін банк тарапынан пайызсыз қайтаруға берілетін жеңілдік мерізімі. Қазақстандық банктер 2 айға дейін жеңілдік мерзімін ұсынады. Әр банкте бұл мерзім әртүрлі екендігін ұмытпаңыз. Көпшілігіміз несие картасындағы ақшаны алған соң, уақытында орнына қоймаймыз. Өйткені қолма-қол несие сияқты ай сайын қайтарып отырсам болады деп ойлаймыз. Ал, қарыз еселене береді. Алайда, несие картасында қайтару кестесінің жоқтығын ұмытпаңыз.

Тұтынушылар жасайтын қателіктің тағы бірі: жақын жердегі банкоматқа барып, керекті соманы шешіп алып, қаражатты пайдаланады. Мұндай жағдайда ешқандай пайыздық үстеме жоқ деп ойлайды. Солай ма? Жоқ, олай емес. Карта тауар үшін қолма-қол емес яғни картамен төлем жасауға арналған. Банкоматтан алынған ақша мүлдем басқа механизммен жұмыс жасайды. Ондай жағдайда сіздің қарызыңызға пайыздар күн сайын қосыла бастайды. Осылайша сіз күткен нәрседен басқаға тап боласыз: банктің алдында қарызға батасыз да қаласыз. Яғни, несие картасындағы ақшаны банкомат арқылы шешіп алу қате. Оны қолма-қол емес төлем үшін қолданыңыз. Және алынған соманы жеңілдік мерізімі кезінде төлеуді ұмытпаңыз. Әрі картаға қарыз соманы қайтару кезінде алғашқы жылдық комиссияны бірге төлеп тастаңыз. Сонда картаны мақсатты түрде, артық шығынсыз қолданасыз.

Егер дүкенде мүлдем карта қабылдамайтын болса ше? Немесе, тек қана қолма-қол төлем жүргіземіз десе не істеу керек? Егер карта арқылы төлеу мүмкіндігі болмаса, оған тиіспеңіз. Тіпті ақша тығыз керек болса да. Тағы да айтамыз, несие картасын мүмкіндігінше қолма-қол емес төлем үшін пайдаланыңыз.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына WhatsApp арқылы +7 775 4766145 телефонына жолдауды сұраймыз.