Несие сот шешімі арқылы төленсе сот орындаушының қызметтік ақы сұрауы заңды ма?

несие
Фото: arnapress.kz

Бұдан үш жыл бұрын белгілі бір банктен (белгілі бір себептермен банк атауы көрсетілмеді) несие алғанмын. Бірақ төлемді уақытылы төлей алмағандықтан, банк сотқа жүгініп, зейнетақымнан 50%төлеуге шешім шығарып берген. Осы айда толығымен несиені жаптым. Бірақ сот ісіне араласқан жеке сот орындаушы (белгілі себептермен тұлғаның есімі көрсетілмейді) қызметтік ақысына менен 83 мың теңге төлеуімді сұрап отыр. Сол үшін зейнетақымнан тағы екі жарым ай 50 пайыздан ақша алмақшы. Ол банкінің мүддесіне жұмыс істегендіктен, ақысын сол қаржылық ұйымнан алуы керек емес пе? Өйткені солардың ақшасын өндіріп берген жоқ па…? Сұрайын дегенім, жеке сот орындаушының бұл әрекеті қаншалықты заңды?

Нұржамал Бижанова, Оңтүстік Қазақстан облысы, почта арқылы жолданды

Нұржамал, сот орындаушының іс әрекеті еліміздегі сот орындаушылардың мәртебесін реттейтін заңға қайшы емес. Сот шешімін мәжбүрлі түрде орындатқаны үшін, борышкерден, яғни сізден қызметті орындау шығындарын өндіреді. Алайда бұл жерде өндіріліп отырған 83 000 теңгенің көлемі заңға сәйкес пе, әлде заңға қайшы ма, ол банктің сізден сот арқылы өндірген соммасының көлеміне байланысты болады. Дегенмен бұл сот орындаушымен байланысты шығындармен, яғни 83 000 теңгемен келіспеген жағдайда, сот орындаушының іс әрекетіне қатысты сотқа шағымданып, өзіңіздің материалдық жағдайыңызды айта отырып, сот арқылы соманы азайтуға болады.

Басқа да түсінбеген сұрақтарыңызбен жұмыс күндері мына телефон арқылы хабарласа аласыз: 8 701 887 55 81

Сұраққа «Заң Ақиқат» заңгерлік компаниясының заңгері Жанат Маликбаевич Бутинбаев жауап берді.


Құрметті оқырман! Егер банктерге қатысты (несие, проблемалық несие, несие картасы, депозит, банктер туралы жалпы банк, қаржы саласына қатысты) сұрақтарыңыз болса, бізге жолдаңыз, біз банк мамандарын қатыстыра отырып, жауап береміз. Үлкен мәселе болса Журналистік зерттеу жүргізуге дайынбыз. Сұрақтарыңызды info@7kun.kz почтасына немесе WhatsApp арқылы +7 775 476 6145 телефон нөміріне жолдауды сұраймыз.