Несие тарихыТаңдаулы1

Несиемнен құтылдым ба?

Бар кезде банк берешегін беру бұйым емес еді маған. Қаншама несие алып, пайыз-майызына қарамай төлеп жүрдім. Оның үстіне азаматтық некедегі күйеуім көп көмектесті. Ал, қазіргі жай-күйім мүлде басқаша. Жағдайдың қалай өзгергенін, қарыз ақшамның тиын-тебеніне дейін көрсетіп, мән-жайды түгел баяндап берейін.

Банктен 1 млн теңге несие алған едім. Сол ақшаны не үшін алғанымды қазір түсінбеймін. Өмір бір орнында жайқалып тұрмайды ғой. Бүгін бар болса, ертең жоқ болуы да мүмкін. Ал, өзіңнің тұрақты шамаңнан тыс, көп көлемде несие алу –  тәуекелге барумен тең. Жаңағы алған несиемді екі жыл бойы ай сайын 52 000 (елу екі мың) теңгеден төлеп тұрдым.

Содан кейін ауырып қалып, денсаулығыма байланысты қарызымды уақытында төлей алмадым. Банк маған несиені қайта қаржыландыруды ұсынды. Сөйтіп жаңа график құрып берді. Ол бойынша қарызымды тоғыз ай бойы айына 12 500 теңгеден төлейтін болдым, әрі қарай 25 500 теңгеден өтелінеді деп шешілді. Жығылған үстіне жұдырық, сол кезде азаматтық некедегі күйеуім жоқ-барды сылтауратып, жиі орынсыз ұрыс шығарып жүрді. Күз мезгіліне қарай күйеуіммен ажырастым.

Содан кейін-ақ,  берешекті толық өтеуге дым мүмкіндігім болмады. Мерзімі 170 күннен асып кетті. Екі, үш рет он мың теңгеден салдым. Оның үстіне коллекторлық компаниядан күн сайын хабарласады. Құлағыңа «майдай жағатын» қоңыраулар легі мәселені бір жақты етпейінше тоқтамайтын түрі бар.

Бір күні хабарласып 200 000 мың теңге  тауып төле, содан кейін ай сайын 10 000 теңгеден төлейтін қылып жасап береміз деді. Егер олай істемесең, тіркелген мекенжайыңа барып, мүлікті бағалап, қарызды солардан талап етеміз – деді. Бұл дегеніңіз қоқан-лоқы көрсету емес пе?! Не істеуге болатынын білмей отырмын. Өтеуге ақша жетпейді. Бар кезде төледім. Жалпы сомасы 1 248 000 теңгедей қайтарған екенмін. Алғаным 1 млн. Қарызымды, қосымша біршама пайызын өтеген екенмін. Меніңше, есе-айырысқан сияқтымыз.

Tags

Осы айдарда

Close