Нұр-Сұлтан әуежайының коды қазан айында өзгеруі мүмкін

148
Нұр-Сұлтан
Фото: kazgazeta.kz

Алматы. 24 шілде. 7kun.kz — Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының үш әріптік кодын өзгерту туралы шешім қазан айында Жолаушылар стандарттарының конференциясында (Passenger Standards Conference – PSC) қабылдануы мүмкін, деп хабарлайды Азаматтық авиация комитетінің (ААК) баспасөз қызметі.

Бұл мәселені азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев пен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан бойынша халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (ИАТА) аймақтық менеджері Фунда Чалишир талқылады.

«Азаматтық авиация комитеті астаналық әуежайдың кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бұған дейін Нұр-Сұлтанға рейстерді орындайтын авиакомпаниялар елорда әуежайының кодын өзгертуді қолдап, мақұлдады. Талғат Ластаев пен Фундаза Чалишир арасында өткен кездесу қорытындысы бойынша үш әріптік кодты өзгерту мәселесін бірлесіп пысықтап, үйлестіру, сондай-ақ тарифтік саясат, ұшу қауіпсіздігі және авиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді», — делінген хабарламада.

Айта кетейік, тараптар ИАТА-ның жаңа өңірлік басшысының ААК-не келуімен комитет пен халықаралық әуе көлігі қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне қол жеткізуге үміттенеді.