Нұр-Сұлтан қаласында Тұрғын үй жинақ банкінің еліміздегі ең үлкен кеңсесі ашылды

134

Нұр-Сұлтан. 20 желтоқсан. 7kun.kz — Жаңа кеңседе 70-ден астам қызметкер тұрғын үйге қатысты қызметтің барлық түрін көрсетеді. Биыл астанада «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған 700 отбасыға 10%-дық бастапқы жарнамен жылдық 2% мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген займ берілді.

 Бүгінгі таңда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде үйге деп ақша жинап жатқандардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары ерекше белсенді.  Қазіргі сәтте банкте 208 мың астана тұрғыны шот ашқан. Олардың жинақ сомасының жалпы мөлшері 143 млрд теңгені құрайды. Биыл банктің көмегімен Нұр-Сұлтан қаласының 10 мың тұрғыны қоныс тойын атап өтті.

«Бүгінгі жаңа кеңсенің ашылуына орай, баспаналы болған отбасылардың балаларына жаңа жылдық сыйлықтар табыс етілуде. Келесі жылы тұрғын үй саласына бөлінетін қаржы 100 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл дегеніміз елорда бойынша 2 мыңға жуық, ал Қазақстан бойынша 10 мың отбасы тұрғын үйлі болады деген сөз», — деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ-ның басшысы Ләззат Ибрагимова.

Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) осы отбасылардың балалары үшін тамаша қойылым мен сыйлықтарға толы жаңажылдық шырша ұйымдастырды.

«Отан отбасынан, сондай-ақ, кешкісін жақындарыңмен бірге бір шаңырақ астында жиналатын өз үйіңнен басталады. Біз күн сайын әр қазақстандық отбасының тезірек баспаналы болуы үшін бар жағдайды жасауға тырысудамыз», –Ләззат Ибрагимова.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүлмира Әлдибекова  қоныс тойын тойлағандардың бірі. 3 қызы бар, оның кенжесі мүгедек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде отбасы 2 бөлмелі үй алған.

«7 жыл бойы жалдамалы пәтерге ай сайын 100 мың теңгеден қаражат салып келдік. Қазір өз үйіміз үшін ай сайын 79 мың теңге ғана төлеп отырмыз»,- деп қуанышымен бөлісті Гүлмира.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі биыл алғаш рет табысы төмен отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске қосты. Аталған жоба 4 000 қазақстандық отбасының баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік сыйлады.