Нұрбанктің активтері 5,2% ұлғайып, таза пайдасы 5,8 есе өсті

104
Нұрбанк
Фото: Etoday.kz

Алматы. 4 маусым. 7kun.kz – 2018 жылы «Нұрбанк» АҚ активтері 5,2%-ға артып, 361,525 млрд теңгені құрады. Бұл туралы ҚЕХС бойынша қоғамның шоғырландырылған қаржылық есебінде көрсетіледі.

Есепті кезеңдегі міндеттемелер 5,5%-ға — 316,742 млрд теңгеге дейін өсті. Депозиттік портфель 16,4%-ға, 238,153 млрд теңгеге дейін, кредиттік портфель — 5,9%-ға, 237,508 млрд теңгеге дейін артты.

Сондай-ақ, меншікті капитал 3%-ға, 44,783 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал жарғылық капитал өзгерген жоқ және 127,6 млрд теңгені құрады.

2017 жылмен салыстырғанда таза пайда 5,8 есе, 7,366 млрд теңгеге дейін өсті. Таза пайыздық кіріс 37%-ға ұлғайып, 6,093 млрд теңгені; таза операциялық кіріс 1,8 есе артып, 19,821 млрд теңгені құрады. Корпоративтік табыс салығын шегергенге дейін пайда 7 есеге артып, 9,594 млрд теңге болды.


Айта кетейік, банктің ірі акционері — кәсіпкер Рашит Сәрсенов бақылайтын «JP Finance Group» ЖШС (84,45% акция). Банк акцияларының 7,66%-ы «Кастинг» ЖШС-не тиесілі.

Ұлттық Банктің мәліметтеріне сәйкес, Нұрбанк 2019 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша активтер көлемі бойынша 28 қазақстандық банктердің арасында 15-ші орынға ие болды.