Оңтүстік Қазақстанда инвестиция көлемі 31,5 пайызға өсті

инвестиция
Фто: yes-news.com

Шымкент. 29 тамыз. 7kun.kz — Оңтүстік Қазақстан облысында инвестиция көлемі 31,5 пайызға артты. Бұл туралы ОҚО әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

«2017 жылдың алғашқы 7 айында облыста маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 229,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен (166,4 млрд теңге) салыстырғанда 31,5 пайызға көбірек. Оның ішінде сыртқы инвестициялар 42,3 млрд теңгені құрап, өңірді республикалық деңгейде бірінші орынға шығарды. Республика бойынша облыстың жалпы көрсеткіші 14,1 пайыздан 16,9 пайызға дейін өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірлік өнім көлемі 2,7 пайызға артып, 187,8 млрд теңгені құрады», — деді Ұ.Сәдібеков.

Сонымен қатар, ОҚО әкімінің орынбасары өңірдегі биылғы егін алқабының 20,7 мың гектарға артып, 809,5 мың гектарды құрағанын атап өтті. Сондай-ақ, қосымша 297 кооператив құрылды, олардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көбейіп, 593 дананы құраған.