Олег Тиньков банкті сатуға мәжбүр болғанын мәлімдеді

Ресей. 3 мамыр. 7kun.kz – «Тинькофф» банкінің негізін қалаушы Олег Тиньков Украинадағы оқиғаларға ашық қарсы шыққаннан кейін, оны банктегі үлесін «тиынға» сатуға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Бұл туралы кәсіпкер The New York Times газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

Оның айтуынша, ол әскери операцияға қарсы пост жариялағаннан кейінгі күннің ертесіне Кремль өкілдері Тинькофф банкінің басшылығымен байланысып, үлесін сатуға мәжбүрлегенін, егер сатпаса жағдайы қиын болатындығын айтып қорқытқан.

«Мен саудаласа алмадым. Жіпсіз байланып қалдым. Бұл жағдайда олар ұсынған нәрсені алуға тура келді», – дейді Олег Тиньков. Кәсіпкер Владимир Потанин оған осы үлестің нақты құнының 3%-ын ғана төледі деп санайды.

Еске салайық, Владимир Потаниннің «Интеррос» компаниясы бұрын Олег Тиньковтың отбасылық трестіне тиесілі TCS Group-тың 35% акциясын сатып алғанын мәлімдеді.

27 сәуірдегі сауда-саттықтың жабылуындағы жағдай бойынша, TCS Group-тың Мәскеу биржасында нарықтық капитализациясы $6,9 млрд (акция бағасы 2520 рубль) деңгейінде бағаланды. Тиісінше, компанияның 35%-ы шамамен 2,4 млрд долларды құрады. Коммерсант газеті TCS Group-тың 35%-ын әлдеқайда арзанға, 300 млн долларға сатуға болатынын жазды. Ал Тиньковтың танысы РБК-ға 350 миллион доллар сома талқыланғанын айтты.