Оралда алаяқтар iPhone-дарды бұғаттап, ақша талап етіп жатыр

2459

Орал. 16 шілде. 7kun.kz — Орал қаласының «Фора» дүкенінен iPhone сатып алғандардың телефондарын алаяқтар бұғаттап тастаған. Телефонды бұғаттан алып тастау үшін алаяқтар 40 мың теңге сұрайды. Ақшаны Киви-әмиянға аудару керектігі жөнінде хабарлама жіберіледі. Аталған SMS хабарламалар он шақты батыс қазақстандықтардың телефондарына келген деп хабарлайды informburo.kz. 

Телефонның ақшасын қайтаруды не ауыстырып беруді сұраған адамдарға дүкенде еш нәрсе жасай алмаймыз деп жауап қатқан. Бар болғаны өз тіркеу мәліметтеріне келесіде абай болуға деген кеңес берген.

Жапа шеккендердің бірі — Таңшолпан Қалымова. Ол айфонды несиеге алған. Сатып алғанынан бірнеше ай өткен соң телефоны бұғатталып қалғанда қыз шарасыз қалған.

«Мен несиеге 160 мың теңгеге сәуір айында сатып алғанмын. Есептік жазба «Фора» дүкенінде орнатылған. Бір ай бұрын маған телефон бұғатын алып тастау үшін ақша талап еткен хабарлама келді. Мен қазір еш нәрсе жүктеп немесе жаңарта алмаймын. Тек қоңырау шалуға ғана болады. Дүкенге барғанымда бұл іспен полицияның шұғылданатынын айтты», — дейді Таңшолпан.

Таңшолпан жарамсыз телефонды пайдаланып келеді. Және несиесін де төлеуге мәжбүр. Айфонды жөндеп берер ешкім жоқ. Осындай жолмен жапа шеккендер саны 30 шақты дейді дүкендегілер.

«Бір айдан бері бізге сатып алушылар осындай мәселемен келіп жатыр. Біз бірден ІІБ мен прокуратураға хабарладық. Олардан әзірге еш жауап келмей жатыр. Сатып алушылар есептік жазбаны өздері орнатса да болады. Дүкенде ақылы орнату қызметі бар. Барлығына есептік жазбалар мен құпия сөздерді ауыстыруға кеңес береміз», — дейді «Фора» дүкенінің директоры Максим Клоков.

Дүкен директоры полиция қызметкерлеріне есептік жазбаларды орнатқандардың тізімін бергендігін айтып, алайда құқық қорғау органдары үнсіз отырғандарына таңданыс білдірді.