Орманға жұмсалатын қаржыны жыл сайын 400 млн теңгеге өсіру ұсынылды

81
орман
Фото: commons.wikimedia.org

Алматы. 21 қараша. 7kun.kz — 2020 жылға дейін орман орналастыру жұмыстарына жұмсалатын қаржыны жылына 400 млн теңгеге ұлғайтып отыру қажет.  Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Республиканың орман қорының жалпы алқабы — 29,4 млн гектар, оның ішінде орман көмкерген жерлер — 12,7 млн гектар. Ел аумағының небәрі 4,7 пайызын ғана орман көмкерген. Бұл орайда  биік діңді ағаштардың үлесі небәрі 3,3 млн гектарды немесе республика аумағының 1,2 пайызын құрайды. Осы жәйтті ескере отырып, мынадай шаралар қолданылды: 2004 жылдан жұмыр ағаш экспортына тыйым салынды; 2015 жылдан сексеуіл ормандарында ағаш кесудің барлық түріне мораторий жарияланды; 2018 жылы республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салу шарасы енгізілді; сонымен бірге биыл ағашы өртенген жерлерді қалпына келтіруді қоса алғанда, қылқан жапырақты ормандарда санитариялық мақсатта ағаш кесуге тыйым салынды», — деді Нысанбаев.

Оның айтуынша, орман шаруашылығын жүргізудің негізгі құжаттары орман орналастыру материалдары болып табылады. Қазіргі кезде 30 орман шаруашылығында 6,2 млн гектар және  12 ерекше қорғалатын  табиғи аумақта 3,5 млн гектар мемлекеттік орман қоры алқабында орман орналастыру жобалары жүргізілмеген.

«Бұл проблеманы шешу үшін орман орналастыру жұмыстарын қаржыландыруды 2022  жылға дейін орташа есеппен алғанда жылына  400 млн теңгеге кезең-кезеңмен ұлғайтып отыру қажет», — деді ол.