PROJECT SYNDICATEТаңдаулы1

Орталық банктің ескі әуені

ЛОНДОН – Жүйе құрушы орталық банктердің қорғанысты өзгерте бастауы 2018-2019 жылдары жаңа ақша-несие саясаты дәуірінің басталатынынан хабар берсе керек. “Жаңа қалыпты өмірге” бастайтын бұл транзитті кім басқармақ? Одан да маңыздысы — жаңа қалыпты жағдай қандай болмақ?

Жаһандық қаржы дағдарысынан бергі он жыл ішінде дамыған елдердің орталық банктері бұрын-соңды болмаған белсенді ақша-несие саясатын ұстана бастады. Жапон банкінің төрағасы Харухико Курода мен Еуропа Орталық банкінің басшысы Марио Драги экономикалық белсенділікті арттырып, дефляциялық қысымға төтеп беру үшін бұл саясатты әлі күнге жүргізіп отыр. Ал, АҚШ Федералдық резерві бұрынғы төраға Джанет Йелленнің тұсында, Англия банкі Марк Карниден бастап саясатты “қалыпты жағдайға” келтіруге дайындықты бастап кетті.

Жүйелік тұрғыда өте маңызды тағы бір банк — Қытайдың халық банкі (ҚХБ) ақша экспансиясына емес, қаржылық реформаға көбірек көңіл бөлді. ҚХБ-ның бұрынғы басшысы Чжоу Сяочуань 15 жылдық рекордты басшылық кезінде бірізді, тұрақты және тиімді басқару саясатының арқасында ел ішінде де, сыртта да үлкен бедел жинады. ҚХБ-ның пайыздық мөлшерлемені белгілеудегі тәуелсіздігі 15 мүшеден тұратын Ақша-несие саясаты комитетінің үкімімен шектелгенімен, бұл Сяочуанның әлемнің ең үлкен экономикасында лайықты қаржы секторын қалыптастыру мүмкіндігіне нұқсан келтірген жоқ.

Орталық банктер үлкен транзиттің алдында тұрғанымен, олардың жаңа басшылары бұл дәстүрді жалғастыра беруді ниет етіп отыр. Мәселен, Курода Жапон банкінің төрағасы қызметіне тағы бес жылға бекітілді, ал Сяочуанның орнына оның орынбасары Йи Ганг келді. Тіпті Йелленнің орнын басқан Джером Пауэлл ескі соқпақпен жүре беретін тәрізді.

Әрине, басында Пауэлды өткеннен қол үзетін жаңа толқын деп таныстырды. Оның үстіне, егер Трамп сол соқпақта қала бергісі келсе, онда ол Йелленді келесі мерзімге қалдыра салар еді (бұл дәстүр сабақтастығы болар еді). Бірақ, Трамп Демократиялық партия өкілі Йелленді Барак Обама әкімшілігінің “қалдығы” деп санап, орнына Республикалық партияны ашық қолдаған Пауэлды қоюды ұйғарса керек. Дегенмен, Пауэлл де, Йеллен де — Федералдық резервтің тәжірибелі мамандары, сондықтан олар қалыпты жолын таңдаған тәрізді.

Еуропада жаңа басшылар өте көп өзгеріс жасап жатқан сияқты. 2016 жылғы қарашада қызметтен ерте кететінін мәлімдеген Англия банкінің басшысы Карни нарықтағы тербелістерге жол бермес үшін 2019 жылғы наурызда Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан ресми түрде шыққаннан кейін де орнында бірнеше ай отырмақ.

Ал Карнидің орнына келетін кісі біраз басқа бағытқа ойысатын сияқты. Канада орталық банкінің басшысы болған тамаша карьерасына қарамастан, Карнидің тағайындалуы тосындау болды, себебі ол үнемі бұрынғы қаржы министрі Джордж Осборнға тым жақын адам саналып келді және ол “брекзитшілерді” онша қолдай қоймады. Карнидің орнына “брекзитті” қос қолдап қолдамаса да, оларға бүйрегі бұратын адам келуі тиіс еді.

Бір жағынан, Карнидің кетуін статус-квоны қалпына келтіру деп атауға болады. Оның үстіне Карниді шетелден алдырғанда жергілікті кадрларды ғана билікке қою дәстүрі бұзылып кетті. Енді Англия банкі басшысы орынбасарларының бірі төраға болып тағайындалса, ол дәстүр қайта орнайды деген сөз.

Келер жылдың соңында басшылықтағы төрт бірдей кресло жаңаратын Еуропа орталық банкінде (ЕОБ) көп өзгеріс болатын сияқты. Испанияның бұрынғы экономика министрі Луис де Гиндостың ЕОБ-ның вице-президенті қызметіне ұсынылуы алда болуы мүмкін өзгерістерден хабар береді.

Мәселен, вице-президенттікке испанның тағайындалуы келесі президенттің солтүстік еуроаймақтан болатынын аңғартады. Гиндостың келуі саясаткерлерді басшылыққа қоймау, сол арқылы банктің тәуелсіздігін сақтау дәстүрін де бұзу болып саналады. Еуроаймақтың ең ірі экономикаларының арасында тек Германия ғана банк тізгінін ешқашан ұстаған жоқ. Егер банк президенті қызметі неміске бұйырар болса, ол неміс Бундесбанк президенті Йенс Вайдманн болуы әбден мүмкін.

Қаржы-несие саласының білгірі Вайдманн оңтүстік елдердің қолдауына ие болу үшін күреседі. Мұның үстіне, ол тағайындалған жағдайда тағы бір неміс — ЕОБ-ның атқару кеңесіндегі жалғыз әйел Сабине Лаутеншлягер отставкаға кетуі ықтимал. Атқару кеңесі тек ерлерден тұрған жағдайда (банктің президенттігіне ешқашан әйел адам үміткер ретінде ұсынылған да емес) бұл Еуропа парламентімен онша үйлеспей қалары анық.

Еуропа парламентінің гендерлік теңдікке мән бергені өте жақсы, бірақ бұл көбіне әркелкілікке ұмтылу әрекеті емес, көпшіліктің сынынан құтылудың амалы сияқты көрінеді. Қазір көп мекемелерде әркелкілік жақсы жұмыстың индикаторы ретінде бағаланатын болса да, орталық банктердің барлығы дерлік жоғары қызметтерге басшы тағайындауда бұл қағидаға қарап жатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, орталық банк басшылығы “еркектер клубы” болып қала бермек.

Қаржы-несие саясатының жаңа дәуіріне қадам басып жатқандықтан, біз орталық банк басшылығын түбірімен қайта қарауымыз керек. Жоғары басшылық қызметтерге кандидаттар арасында әркелкіліктің жоқтығы іріктеу процесінің тым тар ауқымда, ұйымның өз ішінде өткізілетінін аңғартады. Орталық банктер болашақта ақша-несие саясатын тиімді жүргізіп, жаңа тәсілдер мен дағдыларды, тың көзқарас пен тәжірибені алып келу үшін жас мамандарды, әйелдер мен азшылық өкілдерін көптеп тартуы керек.

Ерте ме, кеш пе, нағыз өзгеріс болады. Ал әзірге саясат және кадр тұрғысынан біз таныс бөтелкеге құйылған ескі шарапты ішіп отырған сияқтымыз.

Автор туралы: Паола Субакки — Chatham House-тың ғылыми зерттеушісі, Болонья университетінің шақырылған профессоры, оның жақында шыққан кітабы “Адамның ақшасы: Қытай қалай әлемдік валюта жасап жатыр?” деп аталады.

© Project Syndicate 1995–2018

Tags

PROJECT SYNDICATE

Copyright Project Syndicate © Материалды көшіріп басуға авторлық құқық иеcі тиым салған

Осы айдарда

Close