Пәтер иелері кооперативінің қандай міндеттері бар?

Сурет: tengrinews.kz

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда бүгінде 3 мыңға жуық жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі бар. Жарық жиі сөніп, жылу уақытында берілмей, үй маңында қоқыс жатса, кімге шағымдану керек екенін кейбір қалалықтар білмейді. ПИК-ке қатысты кейбір сұрақтардың жауабын назарларыңызға ұсынамыз.

ПИК деген не және оған не үшін ақша төлейміз?

ПИК – жекеменшік пәтер иелерінің кооперативі. Ең алдымен, ПИК — меншік иесі емес, тұрғындарға қызмет көрсетуі тиіс менеджер. ПИКтер ағымдағы жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетуі тиіс. Ол — жертөлелерді, дәліздерді жөндеу, жинап-жуу, үй маңындағы аумақты тазалау, подъезге кіреберіс есікті жөндеп ұстау. Тұрғындардың ПИК-ке төлейтін ақшасы ағымдағы жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады. ПИК штатында төраға, бухгалтер, аула сыпырушы, сантехник және электрик болады.

ПИК-тің үстінен сотқа шағымданғаннан бірдеме шыға ма?

Шығады. Біріншіден, сот тергеуі барысында тұрғындар өз кооперативінің, мердігер ұйымдардың қызметі туралы толық ақпарат: осы күнге дейін тұрғындардан жасырылып келуі мүмкін материалдардың бәрін, сметалар мен шығындардың есебін алады.Екіншіден, шағымдар мердігер ұйымдар мен ПИК-терді тәртіпке салады. Түсіндермелердің бәрі «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сілтей отырып беріледі. Тұрғындар мен ПИК арасындағы қатынастарды түсіндіру үшін біз редакцияға адвокат Нұрлыбек Юсубалиевті шақырдық.

Жөндеу жұмыстары дұрыс жасалмаса ше?

Тұрғындар үш жыл мерзім ішінде жөндеу жұмыстарының сапасы жөніндегі шағымдарын мердігерге жазбаша түрде, фотосуретін қосып жолдауына болады. Мердігер ақауды түзеуден бас тартқан жағдайда (тек, міндетті түрде жазбаша), сотқа жүгінуге болады. Мердігерлер шағымға жауап береді, өйткені ол сотта өздеріне қарсы қолданылуы мүмкін. Мердігер ұйымнан бөлек, дәл сол шағымды жергілікті атқарушы орган — әкімдікке де жазу керек, өйткені бұл мемлекеттік бағдарлама және жөндеу жұмыстарына бөлінген ақшаның бәрі ерекше қадағаланады. Әкімдік міндетті түрде шара қолданады, өйткені, үстінен арыз-шағым көп түсетін ұйыммен істес болуға олар да мүдделі емес. Осы құжаттардың бәрін жинап, сотқа жүгінуге болады, бірақ, әкімдікке жолданған шағымыңыз бар болса, ол тиімдірек болады.
Сот арыз берушінің немесе жауапкердің, көбінесе — арыз берушінің талап етуімен, жүргізілген жөндеу жұмысына сараптама жүргізуді тағайындауы мүмкін.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы жөнінде…

Мемлекет үйлерді жөндеуге ақша бөліп отыр, бірақ кейін оның бәрі тұрғындар төлейтін болады. Біріншіден, жалпы жиналыс жасау керек. Тұрғындар мердігер кім болатынын шешеді, сметасын, бағасын анықтайды. Жиналыстан кейін әрбір тұрғынға 7-10 жыл ішінде бюджетке белгілі бір соманы ай сайын қайтарып отыруға келісемін деп жазылған шарт ұсынылуы тиіс. Әрбір жекеменшік пәтер иесімен жеке шарт жасалуы керек.

Жиналыс өтіп кетіп, сіз білмей қалсаңыз

Дабыл қағып, шу шығарып, сізге ескертпегені үшін ПИК төрағасының үстінен шағымдану керек. Ал егер, сіз жиналысқа қатыспай, сіздің орныңызға біреу қол қойса — ол қылмыстық жауапкершілік. Тергеу органдары қолтаңбаның шынайылығын тексеруіне болады. Мысалы, менің клиенттерім олардың үйіндегі кейбір тұрғындардың қолы өтірік қойылғанын айтады. Тек, 2010 жылы болған оқиға олардың есіне 2014 жылы түсіп отыр. Оның бәрін ізін суытпай жасау керек қой.

ПИК төрағасын қалай қайта сайлауға болады?

Жиналыс жасау жөнінде жазбаша мәселе көтеріп, күнін белгілеп, күн тәртібінде талқыланатын мәселе ретінде төрағаны қайта сайлау деп көрсету керек. Кооператив төрағасын, кооператив мүшелерін, бақылау комиссиясының мүшелерін сайлау және қайта сайлау жөніндегі мәселелер ИК қызметкерлерінің өз арасында емес, тұрғындардың ортақ шешімі негізінде шешіледі. Жиналыс тұрғындардың кем дегенде 50% қатысқанда ғана заңды болып саналады. Алайда, төрағаны қайта сайлау үшін ол 50% да жеткіліксіз, өйткені өзге тұрғындардың дауыстары ескерілмейді. Барлық дауыстар керек. Ондай кезде қайта сайлау өткізіледі. Мысалы, Ахметов пен Қожабековқа қайта дауыс беру өткізу құқығы берілді делік. Ол үшін ПИК төрағасының қолы мен мөрі қойылған парақтар керек.  Парақтар нөмірленген болуы тиіс және сайлау кезіндегі сияқты, саны нақты болып, алған адам қолхат беруі тиіс. Ол парақта жекеменшік пәтер иесінің аты-жөні, оның қолы, пәтерінің номері және «иә» немесе «жоқ» деген шешімі көрсетіледі.

ПИК ешбір арыз/шағым/өтініш/талапқа жауап бермесе қайда жүгіну керек?

Сотқа, прокуратураға, әкімдік жанындағы тұрғын үй қатынастары жөніндегі инспекцияға. Жаныңызда тұрғындардың қолы қойылған жазбаша арыз-шағымы болғаны жөн. Сонда ғана ПИК арыздарыңызға жауап бермейтінін дәледей аласыз.

Тұрғындардың кезектен тыс жиналысын қалай ұйымдастыруға болады?

Кезектен тыс жиналыс жекеменшік пәтер иелерінің оннан бірінің талап етуімен ұйымдастырылуы мүмкін. Яғни, тұрғындардың саны 100 болса, он адам кезектен тыс жиналыс өткізуді талап ете алады («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 42-1 бабы, 3- тармағы). Тұрғындардың оннан бірі жиналыс өткізгісі келсе, ПИК жиналыс өткізуі тиіс. Өтініште талқыланатын мәселелерді міндетті түрде көрсету керек. ПИК жиналыстан он күн бұрын хабарландыру беруге міндетті.

Шағымдардың бәрін қайда жолдау керек?

Ең алдымен ПИК жұмысы жөніндегі шағымдардың бәрін екі дана етіп ПИК төрағасының атына жолдау керек. ПИК-ке келіп түске арыз не шағымды міндетті түрде хатшы тіркеп отырады. Жазбаша түрдегі шағымға бастамашыл топтың мүшелері (оншақты тұрғын) қол қойса жеткілікті. ПИК төрағасы шағымды елемей, жауап бермей жатса, тұрғындар сотқа оның тұрғындар шағымына қатысты әрекет істемей отырғанын айтып жүгінуіне болады.

Сотқа қалай дұрыс жүгіну керек?

Сотқа жүгінгенде міндетті түрде талап емес, дау болуы тиіс. Дұрысы — былай деу: «Тұрғындар ПИК төрағасының (бақылау комиссиясының) есебімен келіспейді». Аудитор заңдар мен құқықтардың дөрекі түрде бұзылғанын анықтаса, ПИК аудитор жалдауға кеткен шығынның орнын толтыруды өз мойнына алады.

ПИК бухгалтериясын қалай тексеруге болады?

Әр жылдың аяғында ПИК төрағасы тұрғындар алдында есеп беруі тиіс. Қаражат еңбекақы қорынан басқа қандай мақсаттарға жұмсалғанын айтады. Төраға есеп беріп, тұрғындар оған сенбесе, бақылау комиссиясының тексерісін тағайындауға болады. Оған жекеменшік пәтер иелерінің жалпы жиналысында сайланған адамдар кіреді. Комиссия ПИК қызметінен ақау тапса, сотқа жүгіну керек. Комиссияның есебі бір парақта болмауы тиіс. Онда квитанциялар мен есеп шоттарының бәрі қоса тіркелуі керек. Бақылау комиссиясы сапасыз жұмыс істесе және тұрғындар оның қорытындысымен келіспесе, аудит тағайындауына болады. Ол — ақылы. Бұл қызметке лицензиясы бар кез келген аудит фирмасы жарайды. Аудитті сот арқылы тағайындатуға болады, бірақ ол да тұрғындардың есебінен жүргізіледі.

Дереккөз: TheOpenAsia.net