Петропавлдағы су тасқынының деңгейі алғашқысынан да қауіпті

су
Фото: kaz.caravan.kz

Петропавл. 5 мамыр. 7kun.kz — Петропавл су қоймасы соңғы 23 жылда болмаған деңгейге көтерілді. Бұл туралы inform.kz хабарлады.

Облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев кейбір елді мекендерде су деңгейі төмендесе де, Петропавл ауданында керісінше көтерілгенін айтты.

«Есіл өзеніндегі Тоқсан гидробекеті мен Покровка ауылындағы  Сергеев су қоймасының су деңгейі айтарлықтай төмендеді. Петропавл су қоймасы суының үшінші рет көтерілуі болмайды деп болжап отырмыз. Өкінішке орай, соңғы күні судың деңгейі тағы да 6% артты. Қазгидрометтің болжамы бойынша алдағы күндері тағы да 10-13 см көтеріледі. Петропавл қаласы бойынша су деңгейі ең жоғары шегіне жетіп, сосын судың деңгейі біртіндеп қайтадан төмендейді,- деді Антон Федяев.

Әкім орынбасарының айтуынша, бірінші су тасқыны орын алған кезде Петропавл су қоймасындағы судың деңгейі 11,67 метр болған еді, ал қазір ол — 11,87 метр деңгейді көрсетіп отыр.  Бұған дейін облыста судың ең жоғары деңгейі 1994 жылы тіркеліп, 11,26 метрді құраған.

Қазіргі уақытта Мичурино бөгеті қайта бекітілді, жағдай тұрақталды, алайда  су деңгейінің жоғары болуына байланысты бөгет жұмысын бақылауда. Жалпы жағдайды қатты соққан жел қиындатып отыр. Облыста барлығы 227 үйді су алды. Сондай-ақ су астында Былғары зауыты кентіндегі 115 тұрғын үй және Заречный кентіндегі 30 үй қалып отыр. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары, қазіргі кезде былғары зауыты кентіндегі бөгет құрылысына арналған жобалық-сметалық құжат әзірліп жатқанын айтты. Құрылыстың жалпы құны шамамен 2,5 млрд теңгеге есептелген.

Еске салсақ, бұған дейін Петропавлды су басуы мүмкін екендігін хабарлағанбыз.