Пікірталас клубында «Кәсіпкер сөздігі» талқыланды

30
кәсіпкер сөздігі
Фото: atameken.kz

Алматы. 14 шілде. 7kun.kz – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Пікірталас клубында «Кәсіпкер сөздігін» таныстырды, деп хабарлайды Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

«Атамекен» ҰКП Пікірталас клубының кезекті отырысына «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметқалиева, «Абай Ақпарат» ҚҚ вице-президенті, саясаттанушы Айдос Сарым, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директорының орынбасары Анар Фазылжан, «АЛМЭКС» Холдинг тобы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Нұрабаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Айман Алдаш қатысты.

кәсіпкер сөздігі
Фото: atameken.kz

Жиынды жүргізген Қалқаман Сарин қазіргі таңдағы қазақ тілінің ауқымы қандай, бизнестің қазақша сөйлеуі үшін не керек, экономикалық терминдердің адам санасына сіңбей отырғанына не себеп, осы бағыттағы кедергілерді қалай жеңу керек деген сауалдарды көпшілік талқысына салды.

«Ауыл халқы кәсіппен айналысуды бастағанда «Бастау» оқыту жобасының күн тәртібінде көптеген көзге көрінбесе де, іске қолбайлау болған мәселелер кесе-көлденең шықты. Google іздеу жүйесі арқылы қандай да бір бизнес-жоба, жоспар туралы ақпаратты іздегенде ұлт тілінде мәліметтің, қарапайым тілмен ұғынықты түсіндірілген бір де бір сөздік жоқтың қасы екені анықталды. Мәселен, қазір несие, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, дотация, лизинг және т.б сөздердің түп мағынасын түсіндірген қайнаркөздерді іздейді фермерлер және кәсіп бастағандардың саны 10-15 мың ғана емес, бұдан екі есеге көп. Яғни уақыт өте келе кәсіпкерлік тілінің қазақша сөйлеуіне сұраныс та, қажеттілік те өздігінен туындайтыны сөзсіз. Біз оған дайынбыз ба? Бүгінгі жиынның өзегіне айналған «Кәсіпкер сөздігі» кітабының жарыққа шығуы – уақыттың өзі белгілеп берген қажеттіліктен туған құбылыс», – деп сөз бастады Эльдар Жұмағазиев.

Басқарма Төрағасының орынбасары Жльдар Жұмағазиев көпшілік назарын, бизнес тілінің қазақи формасы қарапайым, түсінікті шықса, оның ауқымы кеңейе беретініне назар аударды. Себебі бұл күнделікті тұрмыс-тіршілік, сауда-саттық, коммуникация. Әрине қарапайым тұтынушыға ғылыми терминдермен жауап беру әбестік. Осы ретте «Бастау» оқыту жобасы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтетін жалпыұлттық жобаға айналғаны құптарлық. Алдағы уақытта фермерлерге де арналған сөздік шығару жоспарда бар екендігін жасырмады.

«Ұлтымыздың ұйытқысы, көшбастаушысына айналған «Алашорда» партиясының тұлғалары кәсіп туралы өзге тілде жазған емес. Олардың еңбектері қазақ аудиториясына бағытталған болатын. Бизнес коммуникация тіліне айналу үшін тек міндеттеу, талап ету аз. Ең алдымен, адам санасының бетбұрысы керек. «Кәсіпкер сөздігі» кітабына күнделікті қолданыста жүрген 500-ден астам сөз енгізілген. Кәсіпкерлік дамыған сайын жаңа терминдер туындауы, сөйтіп тілдің ауқымы бұдан да кеңеюі заңдылық. Сондықтан бұл қанатқақты жоба деп қабылдап, ары қарай жалғасын табатынына сендіргім келеді»,– деді Айгүл Ахметқалиева.

Кәсіпкерлікті қазақша сөйлету үшін не істеу керектігіне саясаттанушы Айдос Сарым қазіргі таңда алдымен бизнес ортада тілге жанашырлықты қалыптастырған жағдайда іс нәтижелі болатыны туралы пікір білдірді.

сарым
Фото: atameken.kz

«Әуелгіде қоғаммен тығыз жұмыс жүргізіп, санаға сілкініс әкелу керек, яғни менталитетті жаңа бағытқа өзгерту керек. Себебі бұрынғы уақыттан бері «бай», «байлық», «бизнес», «бизнесмен» деген сөздердің қасында міндетті түрде негатив қоса еріп жүрді. Яғни «бай адам міндетті түрде нашар адам» деген біржақты түсінік санаға сіңген. Ал қазақ тарихындағы меценаттарды алып қарайық, Есенқұл Маманов, Мұстақым Малдыбаев, Қосшығұловтар қазақ балаларына арнап мектеп, медреселер салдырған. Ал Алашорданы қаржылық тұрғыда қолдағандар кімдер? Алғашқы қазақ романын жазушылар арасында бәйге жариялап демеген кімдер, әрине қазақ байлары. Баю үшін кәсіп болуы керек, ал кәсіп ашу үшін оқу керек. «Атамекеннің» қолға алған «Бастау» жобасы арқылы кез-келген азамат кәсіп ашып, нәсіп көрсе одан еліміз, жеріміз байымаса кедейленбейтіні бесенеден белгілі. Екіншіден, осы бағытта насихат жұмыстарына тоқтау болмауы керек. БАҚ арқылы кәсіпкерлікті дамыту бойынша тартымды хабарлар циклі халыққа жетсе құба-құп. Сонымен қатар сөздіктерді, танымдық материалдарды барынша көбейткен дұрыс» – деді Айдос Сарым.

Пікірталас клубының отырысында “А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары Анар Фазылжан қазақ халқы саудаға жақын, оның кәсібінде, тілінде терминдер болғанын, тек қайта жаңғыртып, түсінікті қалыптастыру керектігі жайлы кеңінен тарқатты.

фазылжан
Фото: atameken.kz

«Ұлт тіліндегі экономикалық дискурс алға шықпай, кәсіпкерлік дамымайды. Біздің ата-бабаларымыз кәсіпті еркін жүргізген. Сонау замандарда дала мен қала арасында сауда-саттық қарыштап дамыған. Әйтпесе жазушыларымыз, тарихшыларымыз керуеншілер, бакалейшіктер, кірешілер, арбакештер мен ұзынқоржыншылар туралы мәліметтерді қайдан алды, мұның бәрі өткен тарих. Міне осы қарапайым атаулардан-ақ қазақтың сауда, кәсіп саласының масштабын тануға болады. Батырлар жырындағы «Мал айдап Орынборға кетіп еді» немесе «Қызылбастың елінде сауда жайлап жүрген ұл» деген жолдар жайдан-жай айтылмаған. Мына мәліметке таңқалмасқа шара жоқ, қараңыз. Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша былтырғы жылы: Елімізде ірі қара – 6 млн, қой – 17 млн басты құраған екен. Ал Ресей саяхатшысы И.Терентьевтің «ХІХ ғасырдың басында Қазақ елінен көрші елге бір жылда шамамен 30 млн бас ірі қара саудаға шығарып отырған» деген жазбалары сақталған. Басқасын айтпағанда қазақ тілінде матаның 80-нен атауы бар: барқыт, жібек, пүліш, қыжыма, дұқаба, мақпал, шай, бәтес осылайша кете береді. Бұл да қазақ даласында кәсіпкерліктің кең жайылғанын дәлелдеп тұр. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ұлттық Тіл білімі институтымен бірлесіп атқаратын шаралары көп. Солай болғанда қазақ тілі кәсіп тілі ретінде де тамырын жаяды», – деді институт директорының орынбасары Анар Фазылжан.

Жиында «Кәсіпкер сөздігі» кітабының авторы профессор Айман Алдаш осынау кітапты дайындау барысында сөздерді мағынасына қарай түсіндіріп, академиялық энциклопедиядағыдай сөз тіркестерін қоса ұсынғандығын, алдағы уақыттарда сөздік жаңа сөздермен толықтырылатынын жеткізді.

айман алдаш
Фото: atameken.kz

«Біз әрбір сөздің шығу тегі, семантикасына мән бердік. Мәселен, қазір кәсіпкелер франчайзинг, лизинг т.б терминдерді жиі қолданады. Сөздікте бұл сөздерді қазақшаға аудару, немесе қазақша баламасын ұсыну мақсат болған жоқ. Біз осы халықаралық терминді қазақи ұғымға сай, кеңінен түсіндірдік. БАҚ тілінде сөз тіркестерінен мысал алдық. Кітап шықпас бұрын аймақтарға электронды нұсқасы таратылып, талқыланды, кейбір сөздер алынып тасталды, көп термин жаңадан енгізілді. Бұл тың жоба болатыны анық. Әлі де ізденіс үстіндеміз», – деп сөзін қорытындылады профессор.

Кітапты жазу, құрастыру бар, ал оны шығару – үлкен жауапкершілік. Осы ретте сөз алған «АЛМЭКС» Холдинг тобы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жомарт Нұрабаев: «Былтырғы жылы компания басшылығы жобаны бірден қуаттап, ұлт тіліндегі кітапты шығаруға атсалысып отыр. Алдағы уақытта да танымдық бағыттағы тың дүниелерге қолдау көрсете береміз. Ұлттың санасына сәуле түскен шақта дамудың көкжиегі кеңейе береді. Біз кәсіпкерлікті ұлттық деңгейде көтерсек, әлем өзі бізге қызығушылық танытады.

Жиын барысында ұйымдастырушылар онлайн желісі арқылы Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасынан қосылған бизнес-тренер Наталья Мишукова «Кәсіпкер сөздігі» кітабының электронды нұсқасымен сәуір айында танысқанын айтты.

«Жеке өз басым қазір барлық ақпаратты қазақ тілінде аламын, солай ыңғайлы. Қызылорда халқының сөйлесетін жалғыз тілі – қазақ тілі. Қазақша кітаптар көптеп таратылса, нұр үстіне нұр», – деді бизнес-тренер.

Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев жарнама, қоғаммен байланыс салаларындағы қазақ тілінің ахуалы туралы айта келе тың ұсыныстар ұсынды. Оның айтуынша, Терминалогилық комитет бекіткен сөздер бар, алайда олар әртүрлі қайнаркөздерде әрқалай қолданылып жүр, яғни терминдерді біріздендіру – міндет. Сөздіктерді көбейту арқылы, салалардың дамуына кең жол ашылады. Бұл тек қазақ тілді ортаға ғана емес орыс тілді аудиторияның қызығушылығын тудырады. Сонымен бірге қазақ тілінде әлеуметтік зерттеулер жүргізілмей келеді, осы тарапқа баса мән беру керек. Неге десеңіз, көптеген жобалар тіпті заңдық күші бар актілер әуелгіде орысша жазылып кейін қазақша аударылатыны жасырын емес.

Жиынның екінші бөлігінде «Ашық микрофон» форматында сөз алған журналистер мен кәсіпкерлер қауымы «билік пен қарапайым халық бір тілде ғана сөйлеу керек, сонда ғана шешімі табылмай жатқан шаруа болмайды» деген пікірге тоқтады.