Pokemon Go деген не өзі?

1752
Pokemon Go
Фото: theverge.com

2016 жылғы шілденің 6-сында Nintendo ойын корпорациясы шынайы өмірмен қабысатын Pokemon Go ойынын нарыққа шығарды. Сол-ақ екен, Токио биржасында компания акцияларының құны 63,7 пайызға қымбаттады.  Алты күннен соң компанияның күн сайынғы табысы 1,6 млнға жетіп, бірнеше аптада АҚШ-та атақты бағдарлама 7,5 млн рет жүктелді. Бір топ адамды бір бағытқа қарай телефонға телмірте жүгірткен бағдарлама қалай пайда болды, сәттілігінің сыры неде? «Брендтер тарихы» айдарының бүгінгі назарында — Pokemon Go.

Бұл қандай ойын? 

Pokémon Go – Niantic компаниясы жасап, алғашында АҚШ пен Австралияда және Зеландияда 2016 жылдың 6 шілдесінде шыққан ойын. iOS пен Android базасында жасалған бағдарлама алғашында алты елде ашылса, қазір 30-ға жуық елдің азаматтары еркін ойнай алады. Бағдарлама жұртшылықты витруалды образдарды шынайылықпен ұштастыруымен баурап алды. Таңнан қара кешке дейін бір орнында ойын ойнап отырып, компьютердің алдынан кете алмайтындарды көшеге шығарды, бір мақсат, бір мүддені көздегендерді – покемон іздегендерді табыстырды. Қысқаша жазсақ, Pokémon Go қайда жүргеніңіз бен сіз жүрген аймақтағы уақытты ескереді де, телефонда сіз тұрған аумақтың картасын шығарады. Сол сызбаның әр жеріне сіз қуалай жүріп ұстауға тиіс покемондарды орналастырады. Ойынның мақсаты – сізді ерікті я қалауыңыздан тыс «саяхатқа» шығару.

Фото: theverge.com
Фото: theverge.com

  Танымал ойынның тарихы

Ойынды жасау идеясы 2014 жылғы сәуірдің 1-інде Nintendo-да жұмыс істейтін Сатору Ивата (мырза) мен The Pokémon Company-дағы Цунэкадзу Исихараға (мырза) тиесілі. Күлкі күніне орай Google келешекте өздерінің Google Maps қызметі қалай жұмыс істейтіні жайлы  видео жасаған. Видео телефонын алып, покемондарды іздеу үшін әлемді шарлауға кеткен ер адам туралы түсірілген.

Кейіннен бұл әзіл шындыққа ұласып, Pokémon Company, Google және Nintendo үшеуі Niantic компаниясына осындай ойын жасау үшін 30 млн доллар көлемінде қаржы құяды. Бұл компанияны таңдау себебі белгілі. 2010 жылы Google-дың стартапы ретінде жұмыс істей бастаған Niantic шынайы өмірмен жанасатын ойын жасауда тәжірибесі бар еді: Ingress деп аталатын ойында екі команда әлемнің әр түрлі мәдени орындарын өз иелігіне алу үшін жарысады. 2015 жылдың қазанында Исихара «Pokémon-ның Niantic-ке құйған инвестициясы әлем бұрын соңды көрмеген мобильді туындыларға жол ашады» деген еді.

Ойынның таныстырылымы 2016 жылдың қаңтарында болды да, наурызда бағдарламаны жапондықтар сынап көре бастады. Ойыншылар покемондарды ұстап, олардан жұмыртқа «өсіріп», тіпті тарихи орындардың маңайынан «покестоптар» мен «гимдарды» тауып жүрді. Келесі айда сынақ мерзімі Австралия мен Жаңа Зеландияда, мамыр айында АҚШ-та жалғасты.   Қазір ойын Австрия, Бельгия, Болгария, Хорватия, Кипр, Чехия, Дания, Эстония, Финляндия, Греция, Гренландия, Венгрия, Исландия, Ирландия, Латвия, Люксембург, Малта, Голландия, Норвегия, Польша, Румыния, Словакия, Словения, Швеция мен Швейцарияда қолжетімді болғанмен, Орта Азия елдеріне әлі толықтай жете қоймады.

Фото: gearnuke.com
Фото: gearnuke.com

Твиттерден де танымал  

Бірнеше аптадан соң ойын кең танымалдылыққа бөленіп, жүктеу саны күн сайын көбейе бастады. Google Play-да жүктеу саны 10 млнға жуықтады, бірақ жалпы саны одан да көп, себебі бағдарлама әлі барып үлгермеген аймақта тұратын адамдар арнайы код арқылы ойынды бұғаттап алып жүктеген.    Sensor Tower компаниясының зерттеуіне сәйкес, Pokémon Go-ға күн сайын кететін орташа уақыт — 33 минут. Бұл күніне 22 минут кететін Facebook-тан, 18 минут жұмсалатын  Snapchat-тан, қолданушылар орта есеппен 17 минут жұмсайтын Twitter-ден  көп.

Фото: youtube.com
Фото: youtube.com

Бағдарлама сәттілігінің сыры неде?

Біріншіден, Pokemon Gо – үйде отырып, смартфонның бетін саусақпен сипап қана отырмай, жаңа жерлермен танысуға мүмкіндік беретін механикасы ерекше аз ойындардың бірі. Екіншіден, ойнауға қажетті барлық құрал тегін беріледі. Покемондардың ойын болмай тұрған кездегі танымалдығын ескермеуге де болмайды. Өткен ғасырдың соңында балалық шағын өткендердің бәрі білетін Бульбазавр, Чармандер және Сквиртл – ойынның негізгі қаһармандары әрі, мамандардың айтуынша, сәттіліктің тағы бір сыры да осылар.