ЖаңалықтарТаңдаулы1Экономика

Премьер-министр Қазақстанның экономикалық саясатының алдағы он жылдыққа арналған басты құрауыштарын атады

Алматы. 17 мамыр. 7kun.kz – Бүгін Астана экономикалық форумы аясында «Жасыл экономика: тұрақты өсімнің жаңа моделі» панельдік сессиясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев құттықтау сөзін сөйледі деп хабарлайды primeminister.kz. 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Сіздерді Астана экономикалық форумы: Global Challenges Summit 2018-де, жаңа таза энергия әлеміне арналған панельдік сессиямызда көргеніме шын жүректен қуаныштымын.

Бүгінгі таңда әлем технологиялық революцияның ықпалымен шапшаң жатыр. Бұл жаһандық өзгерістер барлық үкіметтер мен елдерден жаңа іс-қимылды, нақтырақ айтқанда, әлемдік дамудың аса күрделі және өзекті мәселелері бойынша алдын-ала халықаралық бірігуді талап етеді.

Әрине, осындай күрделі сын-тегеуіріндердің бірі — ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсімді, әлеуметтік тұрақтылықты және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Бұл —  жаһандық қауіпсіздіктің ең маңызды мәселелерінің бірі және Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде тұрақты дамуды және әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі өзінің жоғары жауапкершілігін сезінеді.

2030 жылға дейінгі күн тәртібі және Париж келісімі жалпы алғанда, әлемдік қауымдастықтың климаттың өзгеруін тежеуге бағытталған бірлесіп күш-жігер жұмсауға дайын екенін дәлелдейді. Бүгін біздің осы процеске қосқан үлесімізді — Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, әлемдік қауымдастықтың қолдауымен құрылған Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығын сіздерге таныстыру біз үшін зор мәртебе.

Біз БҰҰ, ЭЫДҰ, ЕҚЫҰ, Халықаралық жаңартылатын энергия көздері агенттігі (ИРЕНА), Дүниежүзілік банк, ЕҚҚДБ, АДБ, Еурокомиссия және басқа да халықаралық ұйымдарға аталған жоба бойынша қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз.

Пан Ги Мун мырзаға жан-жақты қолдау көрсетіп, Астана экономикалық форумының жұмысына қатысқаны үшін, сондай-ақ Жаһандық жасыл өсім институты мен Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндігі үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз.

Халықаралық орталық Астанада өткен жылы өткізілген «Экспо: Болашақтың энергиясы» Халықаралық көрмесінің базасында құрылды және өңірде «жасыл» экономикалық өсімді күшейтуге бағытталған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасының жалғасы болып табылады.

Біз Орталық Азиядағы алғашқы технологиялық орталық ретінде ол тұрақты инвестициялар үшін берік институционалды негізге, жаңа «жасыл» технологиялар мен инновацияларды дамыған елдерден дамушы әлемге жеткізетін тиімді механизмге айналады, барлық елдер тобына — дамыған да, дамушы да елдер үшін қолайлы болатын экономикалық, әлеуметтік, экологиялық тұрақты даму факторларын барынша үйлестіруге ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Қазақстан Үкіметі жаңартылатын энергия көздерін дамыту және өңірлік деңгейде қоршаған ортаға әсерді азайту стратегиясын ұстанады.

Біздің ұзақмерзімді тәсіліміз, қоршаған ортаны қорғау технологиялық және экономикалық дамуға кедергі жасамауы, оны ынталандыруы тиіс дегенге негізделген. Біз болашақта да қоршаған ортаның қолайлы жай-күйі мен экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса беруге ниеттіміз.

Экономиканы дамытудың табиғатқа сүйенген сипатынан бас тарту, ресурс үнемдейтін технологияларды, «жасыл экономика» құралдарын енгізу, алдымен тұрақты, одан соң экологиялық даму тәуелді болатын жоғары технологиялық және ғылымды қажет ететін салаларға инвестициялар салу — мұның бәрі біздің алдағы онжылдықтағы экономикалық саясатымыздың басты құрауыштары.

 

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Жаңа «жасыл» технологиялық құрылысты құру және 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, біздің саясатымызды жаңа ұрпақтың сын-тегеуріндеріне уақытында бейімдеу процесі барлық біздің елдеріміздің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен сарапшылық қауымның экологиялық және инновациялық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын әзірлеуді талап етеді.

Қазақстан Үкіметі тұрақты даму саясатын ілгерілетуді көздеумен, барлық мүдделі тараптардың ашық диалог орнатуын қолдайды. Форум барысында ұсынылған ұсыныстар осыған септігін тигізетініне сенімдімін!

Назарларыңызға рахмет.

 

 

Tags

Осы айдарда

Close