Президент: үй мен көлік сатқанда қолма-қолсыз төлем жасалуы керек

тұрғын
Фото: rbc.ru

Алматы. 20 желтоқсан. 7kun.kz — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мен автокөлік алғашқы сату кезінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу керек дейді. Үкімет пен Ұлттық банкке заңнамалық түзетулер пакетін дайындауды тапсырды.

Бұл туралы Президент Тоқаев Қазақстан президенті жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысында айтты.

Бұған дейін, Мемлекет басшысы Жолдауда қолма-қол ақшасыз төлемдерді кеңінен енгізу және тиісті нормативтік ережелермен банктік емес төлем жүйелерін белсенді дамыту қажеттілігі туралы айтқан.

Сонымен бірге, Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында төлем карталарын пайдалана отырып жүргізілген қолма-қол ақшасыз операциялар көлемі екі есе өсіп, 8,9 трлн теңгені құрады.

Ұлттық Банктің ақпараты бойынша қолма-қол ақшасыз транзакциялардың негізгі үлесі банктердің онлайн-сервистері арқылы жүргізілді.

2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша эмиссияланған және таратылған төлем карталарының жалпы саны 30,6 млн бірлікті құрады.