Қазақавтожол сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беріледі

36
қазақавтожол
Фото: inform.kz

Алматы. 30 қаңтар. 7kun.kz – Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті “Қазақавтожол” ЖШС-не қатысу үлесінің 100%-ын сенімді басқаруға беру бойынша электронды тендер жариялады. Бұл туралы Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Компания жеңімпазға, кейіннен сатып алу құқығымен, 3 жыл мерзімге сенімді басқаруға беріледі.

Тендер шарттарына сәйкес, сенімгерлік басқару кезеңінде қызмет бейіні сақталуы тиіс, мамандандырылған жол техникасын және көлік құралдарын (кемінде 300 бірлік), жабдықты (кем дегенде 200 бірлік) сатып алу қажет және мамандандырылған жол-пайдалану техникасы мен автокөліктің жалпы санының кемінде 90%-ын жарамды күйде ұстауға міндетті. Жеңімпаз жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайлар режимін жарияласа, автомобиль жолдарындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жедел жоюы керек.

“Қазақавтожол” ЖШС Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қарамағына кіреді.

Компанияның негізгі қызметі – жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын және олардағы жасанды құрылыстарды жөндеу және күтіп ұстау. I санатты құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік лицензиясы бар.