QazaqGaz компаниясынан 1 трлн теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылық анықталды

Алматы. 6 маусым. 7kun.kz – Назарбаевтың күйеу баласы Қайрат Шәріпбаев басшылық еткен QazaqGaz ұлттық компаниясынан 937 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталған. Бұл туралы компанияның қазіргі басшысы Санжар Жаркешов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда 937 млрд теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заңбұзушылықтар анықталды, оның 123 млрд-ын құқық қорғау органдары анықтады», — деді Санжар Жаркешов Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Наурыз айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz-ға толық аудит жүргізуді тапсырған.

QazaqGaz – «Самұрық-Қазына» мемлекеттік әл-ауқат қорының портфельдік компаниясы. Компания тауарлық газды магистральдық газ құбырлары мен газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады. Халықаралық транзитті қамтамасыз етеді және ішкі және сыртқы нарықтарда газ сатумен айналысады. Одан бөлек, құбырлар мен газ қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады.

QazaqGaz жиынтығында жалпы ұзындығы шамамен 76 мың км газ құбырларын, оның ішінде жылдық өткізу қабілеті 267,8 млрд текше метрге дейінгі 20 мың шақырымдық магистральдық газ құбырларын және ұзындығы шамамен 56 мың км газ тарату желілеріне қызмет көрсетеді.