Қазақстанда 8 мыңнан астам ірі және орта кәсіпорын жұмыс істейді

170
2019
Фото: mcsert.ru

Алматы. 20 желтоқсан. 7kun.kz — 2019 жылдың үш тоқсанында ірі және орта кәсіпорындар өндірген өнім көлемі және олар көрсеткен қызметтер көлемі 9,2 трлн теңгені құрады — өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5,7%-ға артық (8,7 трлн теңге). Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша ЖІӨ үлесі 20,7% құрады. Мұндай деректерді finprom.kz мәлім етті.

Өңірлер бөлінісінде сектордағы өндірістің ең көп көлемі Атырау облысына тиесілі болды: 1,9 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 20,7%-ы. Сондай-ақ, көшбасшы өңірлердің үштігіне Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан кірді: тиісінше 1,7 трлн және 1,5 трлн.теңге. Өңірлердің негізгі үштігі елде өндірілген өнім көлемінің 55,9%-ын шоғырландырады.

Осы жылдың қараша айының соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 мың ірі және 6 мың орта компания жұмыс істейді.

Сектордағы өнімдер мен қызметтердің ең көп көлемі тау-кен өнеркәсібіндегі ірі және орта компаниялардың еншісінде: 2,4 трлн теңге немесе барлық көлемнің 26%-ы. Бұл ретте жыл ішінде сома 7,6%-ға төмендеді.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 2,1 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда (1,7 трлн теңге) 22,6%-ға артты. Саланың үлесі 2018 жылы 19,8%-дан 2019 жылы 23%-ға дейін артты.

Көшбасшы салалардың үштігін көлік және қоймалау секторы түйіндейді: 1,2 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 13,5%-ын құрайды. Топ-5 құрамына құрылыс (1,1 трлн теңге) және көтерме мен бөлшек сауда (657,8 млрд теңге) кірді.

Айта кетейік, 2019 жылдың 13 желтоқсанында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылымдар өкілдерінің назарын жаңа сын-қатерлерді ескеру қажеттігіне аударды. Сауда соғыстары мен санкциялар жағдайында ұлттық бизнестің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін дамыту Қазақстанның экономикалық әлеуетін іске асырудың кілті болады.

Сондай-ақ, ол 2025 жылға қарай Үкімет алдында циярлық технологияларды енгізген өңдеуші өнеркәсіптің ірі және орта кәсіпорындарының санын 200-ге жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеді. Нәтижесінде технологиялық дамудың ағымдағы деңгейінен «ақылды өндіріс» деңгейіне көшу, яғни толық автоматтандыру және роботтандыру қамтамасыз етілуі тиіс.