Қазақстанда І тоқсанда 30 миллион тонна көмір өндірілді

көмір
Фото: The Geekwave

Қазақстан. 28 сәуір. 7kun.kz – Экспортқа 8,6 млн тонна жөнелтілді, деп хабарлайды 7kun.kz.

2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 30 млн тонна көмір өндірілді. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,7%-ға көп. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Энергетикалық компанияларға 16,7 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 2,2 млн тонна жөнелтілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 2,4 млн тонна көмір тиелді. Көмір экспорты 8,6 млн тоннаны құрады.

Облыстар мен қалалар әкімдіктерінің деректері негізінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021-2022 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен тұрғындар үшін көмір өнімдеріне қажеттілік жоспарын жасады.

Жоспарға сәйкес, осы кезеңде тұтыну көлемі 9,336 млн тоннаны құрауы тиіс (коммуналдық-тұрмыстық секторға – шамамен 3 млн, халық үшін – 6,3 млн тонна). Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, өңірлерге 9,338 млн тонна көмір жеткізілді. Яғни, жоспарланған көлемнің 100%-ын құрады.

Келесі жылыту маусымына дайындық үшін Министрлік 2022-2023 жылдарға арналған ұқсас жоспарды әзірледі. Құжат облыстардың, Нұрсұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жұмысқа жіберілді.