Қазақстанда қайталама нарықта ең жиі сатылатын көліктер қандай?

17
қайталама
Фото: stepup.press

Алматы. 11 қыркүйек. 7kun.kz – Қазақстандық автобизнес қауымдастығы Қазақстандағы қайталама нарықта ең жиі сатылатын көлік маркаларының үштігін атады.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының келтірген мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері 8 айдың ішінде елімізде тіркелген Lexus маркалы көліктердің әрбір үшеуі өзінің қожайынын ауыстырған. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанда дәл осы марка бойынша 60,5 мың автокөлік бар. 2018 жылдың қаңтар-тамызында аталған марка көліктеріне байланысты 20,1 мың көлікті (үштен бірі) тіркеу немесе қайта тіркеу жүргізілген. «Сонымен бірге, қазақстандықтар BMW маркалы көліктерін жиі ауыстырады. Қазақстанда аталмыш аралықта 22,8 мың дана BMW маркалы автокөліктің қожайыны ауысқан (Қазақстанда осы аралықтағы жалпы BMW маркалы автокөліктердің 31,1%-ы). Mercedes-Benz маркасы да өтімді. Нақтырақ айтқанда, аталмыш маркамен есепте тұрған 181,8 мың көліктің 53,8 мыңы (бестен бірі) қайта сатылған. Автокөлік иелері басым жағдайда КСРО кезінде құрастырылған «Жигули», «Москвич» пен «Запорожец» маркалы көліктерін сирек ауыстырады», — делінген Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінде.

Жалпы, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қыркүйегіндегі көрсеткіш бойынша техниканың барлық түрі бойынша 4,4 млн дана көлік тіркелген. Олардың — 768,8 мыңы «Lada» (аталмыш маркалы көліктің 93,6 мыңы, яғни тоғыздан бірі қайта сатылған) маркалы көліктер болса, 446,7 мыңы «Toyota» маркалы көліктер (олардың төрттен бірі қайта сатылған). Үшінші орында 284,3 мың даналық көрсеткішпен — «Volkswagen» маркасы тұр. «Volkswagen» маркалы көліктердің 55,3 мыңы (бестен бірі) қайта сатылған.