Қазақстанда виртуалды банк пайда болады

Алматы. 22 қыркүйек. 7kun.kz –  Astana Group негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов Қазақстанда жаңа банк ашады. Бұл туралы кәсіпкер Kazakhstan Growth Forum 2022 форумында айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Біз банкті тіркеуге өтінім береміз. Бұл виртуалды необанк, ол классикалық банк болмайды. Ол несие берумен айналысады», – деді Нұрлан Смағұлов.

Astana Motoros баспасөз қызметінің мәліметінше, Mybank.kz бөлімшелері, қоймалары жоқ және корпоративтік клиенттерді несиелендірмейтін заманауи цифрлық, технологиялық бан болады.

Банк бірінші кезекте автоәуесқойлар үшін құрылады. Ол цифрлық сервистер арқылы автокредиттер ұсынады, ал мобильді қосымшаның көмегімен лезде төлемдер, аударымдар, айырбастаулар және депозиттік операциялар жасауға болады.

Қаржылық реттеуші бекіткен жағдайда, банк 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ашылады деп жоспарлануда. Банкті тіркеуге өтініш осы жылдың соңына дейін берілетін атап өтілді.

Айта кетейік, Нұрлан Смағұлов – KMK Astana Motoros және Mega сауда үйлері желісі кіретін Astana Group компаниясының иесі.