Қазақстанда жоғарғы медициналық колледждер құрылмақ

781
Фото:komeco.kz

Қазақстанның 10 медициналық колледжі, оның ішінде 2016 жылы 6, 2017 жылы 4 оқу орны жоғарғы медициналық колледж болып қайта құрылады. Аталған оқу орындарында фин сарапшыларының қатысуымен әзірленген «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасы енгізілмек. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (ДСӘДМ) «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты енгізу бойынша жобаны жүзеге асыруды 2014 жылы эксперименталды тәртіпте 6 мемлекеттік медициналық колледж базасында (Астана қаласының медициналық колледжі, Көкшетау медициналық колледжі, Қызылорда медициналық колледжі, Павлодар медициналық колледжі, Республикалық орта медициналық және фармацевтика қызметкерлерін дайындау мен қайта даярлау колледжі, Батыс Қазақстан медициналық колледжі) бастады.

Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы еуропалық директиваларға сай дуалды білім беру қағидаларын қарастырады. Оның ішінде оқу сағаттарының 60-70%-дан кем емес (оқу мерзімі 3,5 жыл) көлемінде білікті тәлімгердіің басшылығымен емханалық базада өндірістік практиканы жүзеге асыру да бар. Аталған бағдарлама ЕуроОдақ елдерінде кеңінен таралған, сонымен қатар, практикалық әзірлігі басым жоғары білікті мейіргерлерді дайындауға бағытталған.

«Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат жоғарғы медициналық колледж түлектері ауруларды дәрігерге дейінгі тексеру, алдын ала диагноз қою, бейінді мамандарына консультацияға бағыттау, балалар және ересек тұрғындар патронажы, дәрігердің бақылауымен дәрілік тағайындауларды жазу сынды  мейіргерлік қабылдау үшін кәсіби машықтарды игеріп шыгады.

Қазіргі таңда фин және отандық мамандар «Мейіргерлік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың біріктірілген бағдарламасын әзірлеуде. Аталған бағдарлама бойынша бұдан бұрын білім алған мейіргерлер бір жарым жылдың ішінде қосымша оқу арқылы өз кәсіби машықтарын дамыта алады.

 Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстанда 26 мемлекеттік және 37 жеке медициналық колледж бар. Олар жыл сайын орта есеппен 12 мың орта буын медқызметкер дайындайды. Бүгінде орта медперсонал сала қызметкерлерінің ең көп санатын құрайды, орадың саны шамамен 160 мың маман.