Қазақстандағы америкалық инвестициялардың ағыны 45%-ға ұлғайды

инвестиция
Фото: xuehua.us

Алматы. 23 шілде. 7kun.kz — ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстандағы АҚШ елшісі Уильям Мозермен кездесті. Инвестициялық салада, мұнай саласында, агроөнеркәсіптік секторда ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Құрама Штаттар Қазақстанның басты серіктесі мен инвесторларының бірі болып қала бермек», — деп ҚР Премьер-Министрі.

Сондай-ақ, ол 2018 жылғы қаңтардағы ҚР Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев пен АҚШ Президенті Д. Трамп қол жеткізген уағдаластықтарды іске асырудың, өзара тиімді іс-қимыл көкжиегін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша ҚР мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 37,3%-ға 2,2 млрд долларға дейін өсті. Америкалық инвестициялардың Қазақстан экономикасына ағымы 44,7%-ға өсті және 5,3 млрд долларға жетіп, жаңа абсолютті рекорд орнатты.

«Инвестициялар тартып, стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Жаңа тәсілдер америкалық серіктестер үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасайды», — деді А. Мамин.

Перспективалы экспортқа бағдарланған салаларда инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін тиімді шешу үшін тікелей шетелдік инвестициялар бойынша Үйлестіру кеңесі және Тікелей шетелдік инвестициялар қоры құрылды.

ҚР Премьер-Министрі ірі америкалық компаниялардың агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларын жүзеге асырудың перспективалығын атап өтті және өңір нарықтарына шығумен Қазақстан аумағында өндірісті ұйымдастырудың мүмкіндігіне тоқталды.

Өз кезегінде, У. Мозер инвестициялық ахуалды жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, америкалық тараптың ынтымақтастықты қолданыстағы форматта жалғастыруға дайын екенін жеткізді.