Қазақстандағы туризм болашақта мұнай саласына балама бола ма?

мұнай
Фото: borovoe-globus.kz

Бүгінде еліміздің экономикасының дені қара алтынға, яғни мұнайға байланған. Ал, қазіргі таңда мұнайдың бағасы бірде өсіп, бірде төмендеп тұрғаны баршамызға мәлім. Бұл тұрғыда, «Еліміздің экономикасын тұрақты ұстап, оны көтеру үшін басқа саланы да дамытып, соған басымдық беру қажет» —  деген сарапшылардың пікіріне толыққанды келісуге болатын секілді. Қазақстан үшін ең ұтымды шешім – туризм саласы болмақ. Алайда бұл мәселеге әлі күнге дейін толыққанды көңіл бөлінбей келеді.

Әлем бойынша туризм саласы жақсы дамыған елдер қатары көп. Олардың көшін бастап тұрған Түркия, Араб Әмірліктері, Египет, Тайланд, Үндістан елдерін айтуға болады. Жыл сайын аталған елдерге туристер ағылып барып жатады. Ал, Қазақстанға ше? Біздің елімізге келетін туристер саны бұл елдермен, тіпті, салыстыруға келмейді. Еліміздегі демалыс орындарына шетелдік қонақтар емес, өзіміздің қазақ азаматтарының көпшілігі амалсыздан келетіндей. Барлығының арманы шетелге шығу, өзге елде, мысалы Гаваи, Майами аралдарында демалу, Түркияға барып Қара теңізге шомылу, Үндістанға барып Үнді мұхитын көру. 

Ал, Қазақстанда жағдай қандай? Отандық туризмнің хал-ахуалы мен болашағы қандай? Және туристер легі мен қазақстандықтар демалыс орны ретінде неліктен Қазақстанды емес, өзге елді таңдайды? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде сараптама жасап, жоғарыдағы сауалдарға жауап беріп көрейік.

Қазақстанда не бар?

Елімізде табиғаты көркем, ерекше демалыс орындары өте көп. Іле Алатауының бөктері, Үлкен Алматы өзені, Көлсай көлі, Қайыңды көлі, Қапшағай, Алакөл, Жайық өзені, Ақтау қаласындағы Каспий теңізі жағалауы, Балқаш көлі, Қатон-Қарағай, Бурабай – жазғы демалыс орындары үшін таптырмас мекендер. Тарихи аймақтарға саяхат жасағанды ұнататындарға Түркістан қаласы, Арыстан Баб кесенесі, Үңгіртас, Тараз қаласы, Отырар маңы, Ақтау қаласындағы Бекет ата мешіті, Байқоңыр, Меркі қаласындағы балбал тастар мекені аймағын үлкен мақтанышпен ұсына аламыз. Әлемдегі екі ірі шатқалдың бірі – Шарын шатқалы да Қазақстан жерінде орналасқан. Одан бөлек Хан тәңірі шыңы, Түрген сарқырамасы, Үстірт ойпаты, Марқакөл  — бірі білсе бірі біле бермейтін көркіне көз тоймас табиғат аясы, демалыс орындары елімізде жетерлік.

Қазақстанды туризм жағынан әлемдік деңгейге көтеруге не кедергі?

Еліміздегі бірқатар мәселелердің қатарын демалыс орындарындағы біршама олқылықтар толықтырады. Қазақстанда кереметтей көз тартарлық жерлер жоқ емес, жоғарыда атап өткен мекендер кез келген адамды өзіне баурап алары анық. Алайда, «Қазақстанға келуші туристердің саны өзге елдерге қарағанда неге аз?» деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, біздің елімізде халықаралық туризм емес жабайы туризмнің дамығандығы. Яғни, еліміздің айнасы болып отырған көрікті жерлерді жекеменшікке өткізу мәселесі. Сонымен қатар, демалыс орындарындағы бағаларға тоқтала кеткен маңызды. Қазіргі таңда көпшілік адамның айтатыны «Бурабайға демалуға барғанша, Түркияға барған дұрыс, екеуіне де бірдей ақша жұмсалады», — дейді. Мұндай пікірлер еліміздегі демалыс орындарының бағасының тым шарықтап кеткендігіне дәлел бола алады. Сол себепті де туристер емес, өзіміздің халқымыз қазақ жеріндегі демалыс орындарына барудан бас тартуда. Ал, еліміздегі қалтасы көтеретін азаматтар міндетті түрде шетелге шығып, демалысын ыстық жағажайда өткізгенді жөн көреді. Мысалы, Алакөлде демалу үшін ішінде кішігірім санузел мен теледидары бар бір адамдық жатын бөлмеге кемінде 50 доллар төлеу қажет. Ал, өзіміздің көрші елдегі Ыстықкөлге саяхаттап барған жағдайда дәл осы бағаға керемет қонақ үйден орын алып жатуға болады, сонымен қатар оның ішіне үш уақыт тамақ та кіреді.

Біздің еліміздегі демалыс орындарында өзге елдің азаматтарын ынтықтырар, қызықтырар орындардың тым аздығы, тіпті, жоқтың қасы. Көпшілік жерлерден көретініміз тек тамақтанатын орын мен жалға берілетін заттары бар дүңгіршектер. Саяхаттап келген адамдар өздерінің демалыстарын барынша қызықты, естен кетпестей етіп өткізуге талпынады.

Елді қызықтыратын түрлі ойын алаңдары, сауық кеш орталықтары, демалушылардың көңілін аулайтын түрлі қызықты жерлердің жетіспеушілігі туризм дамуына едәуір кері әсерін тигізеді.

Қазақстанда туристік агенттіктердің саны 600-ден астам. Алайда олардың басым көпшілігі қазақстандықтардың шетелге саяхаттау жоспарын жасаса, тек 14,5%-ы ғана елімізге келетін туристермен айналысады. Ал, біздің елімізге келетін шетелдіктердің көбі іссапармен ғана келеді екен.

Қазақстанға келетін туристерден түсетін пайда жалпыға келетін туристерден түсетін пайда жалпы туризмнің 3%-ын ғана құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өзге елдерде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетеді.

Елімізде туризмнің инфрақұрылымы мүлдем жасалмаған. Мысалы ретінде айтатын болсақ, бір қаладан екінші қалаға жолға шыққан жағдайда, ең алдымен шаршататыны жол мәселесі. Еліміздің жолдары қандай жағдайда екендігі баршамызға мәлім. Мұндай жолдарды көріп, осы жолдармен жүрген турист екінші рет Қазақстанға келгісі келетіндігіне үлкен күмән туғызуға болады.

Ал, демалыс орындарындағы қонақ үй мәселесіне келер болсақ: ең алдымен ол жердегі қызмет көрсету сапасы тым төмен деуге болады. Ондағы қызметкерлердің басым көпшілігі ағылшын тілін меңгермегендіктен шетелден келген қонақтарға қызмет көрсету қиынға соғады. Өздерінің ойын дұрыс жеткізе алмаған туристер екінші рет бұл жерге келуге зауқы да соқпасы анық.

Азияның кіндігі аталған Қазақ  жеріне туристерді тарту үшін не істеу қажет?

Ең алдымен жоғарыда аталған мәселелерді шешу жолын қарастырып, туризмді жан-жақты дамытуға баса назар аударған жөн. Тек шетел азаматтарының немесе өз еліміздегі, оның ішінде қалталы кәсіпкерлер мен беделді адамдардың қалтасы көтеретіндей ғана емес, өзіміздің қарапайым халыққа да қолжетімді бағаларды қою қажет.

Сонымен қатар, жарнаманы көбейткен абзал. Жарнама жақсы әрі қызықтырарлықтай болған жағдайда ол біршама халықтың назарын аударады. Жарқыратып жасалған жарнаманы көрген жұрт ол жерді көзімен көргенше асық болады.

Осы тұрғыда Талеб Рифаидың мына бір ұсынысын да қолға алу қажет: «Өзге мемлекеттермен достық қарым-қатынасты нығайту арқылы визалық режимді жеңілдеткен жөн. Біз электронды визаны 100% қолдаймыз. Онлайн режимде адамдар кезек күтпейді, ыңғайлы әрі қауіпсіз. Ал, қауіпсіздік пен ыңғайлылық туризмге қажет», — деген пікірі өте орайлы деуге әбден болады. Сонымен қатар, ол нарыққа қаржылық әуекомпанияларды жіберуді ұсынып, туристердің төмен бағада билет алуларына жағдай жасау қажеттігін айтты.

Оның айтуынша, туристердің Қазақстанға тез әрі арзан, оңай келулерін қамтамасыз еткен дұрыс.

Расымен де, туризмді дамыту  — өзімізге де, өзгеге де пайдалы болмақ. Бұл арқылы елімізді әлемге танытып, кез келген шетелдік азаматтың көруге ынтық болған еліне айналсақ, бұл бізге тек жақсы жағынан ғана әсер етпек.

Қазақстанға келетін туристер саны қаншалықты өсті немесе кеміді?

Елімізге келетін туристер саны ауыз толтырып айтарлықтай болмаса да, жыл сайын ақырындап өсуде. 2015 жылмен салыстырғанда 2016 жылы көрсеткіш бағамы 6%-ға артқан. Ал, 2017 жылы елімізге келген туристердің саны біршама өскені белгілі. Оған негізгі себеп – халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі.

Ал, болашақта Қазақстанның туризм саласында едәуір дамыған ел болуы үшін әлі де біршама тер төгіліп, өте көп жұмыс жасалуы қажет.

Назерке Лабихан

«Азаматтық журналистер» жобасының мүшесі