Қазақстандық банктер басқа елдің азаматтарына шот ашу талаптарын қиындатты

тұрғын
Фото: rbc.ru

Visa мен Mastercard-ты өшіргеннен кейін ресейліктер «карталық тур» жасап, шетелдік банктерден шот аша бастады. Олардың басым бөлігі Армения мен Қазақстандық банктерге жүгінген, деп жазады Forbes Russia.

Іскерлік басылымның дерегінше наурыз айында Арменияда 27 мың, Қазақстан мен Беларусьте 12 мыңға жуық Ресей азаматы шот ашқан.

Қазақстанда шетелдіктер шот ашу үшін ЖСН, төлқұжат, кейбір банктер қазақстандық нөмірді қоса талап ететін. Алайда наурыздың соңында Ұлттық банк ресейліктер үшін Visa мен Mastercard карталарын ашу қатері туралы ескерткен.

Бұдан кейін банктер жергілікті компаниямен жұмыс келісім-шартының немесе жергілікті білім беру мекемелерінде оқитыны туралы анықтама талап ете бастады. Кейбір банктерде шот ашуға мүлдем тиым салынған.

Сарапшылардың айтуынша, шот ашуды жалғастыра берсе, қазақстандық банктер санкцияға ілінуі, шетелдік серіктестері беделіне нұсқан келмеуі үшін бірге жұмыс істеуден бас тарту сияқты қадамдар жасауы мүмкін. Сондықтан ресейліктерге шот ашу мәселесінде банктер екі шоқып бір қарауға көшкен.