Қазақстандық банктерге 23 рет айыппұл салынды

банк
Фото: inbusiness.kz

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz – ҚР Ұлттық банкі банктерге 23 рет 9,1 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында қаржы ұйымдарының, сондай-ақ коллекторлық агенттіктердің іс-әрекеттерінде анықталған қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша бұзушылықтар туралы есепте айтылған.

Банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты 143 ықпал ету шарасы қолданылды, оның ішінде: 23 әкімшілік айыппұл, 118 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және 2 жазбаша ұйғарым.

Банктердің негізгі бұзушылықтары банктік қарызға қызмет көрсетуді; төлемдер мен ақша аударымдарын; банктік шоттар мен банкоматтарға қызмет көрсетуді жүзеге асырумен байланысты.

Сонымен қатар, тұтынушылардың өтініштерін қарау қорытындылары бойынша қаржы ұйымдарына, сондай-ақ коллекторлық агенттіктерге қатысты 195 ықпал ету шарасы, оның ішінде жалпы сомасы 13,9 млн теңгеге 38 айыппұл қолданылды.

Сақтандыру ұйымдарына қатысты 5 ықпал ету шарасы қолданылды, оның ішінде:

— 252 500 теңге сомасына 1 әкімшілік айыппұл;

— 4 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы.

Сақтандыру ұйымдарының негізгі бұзушылықтары сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ сақтандыру ісі бойынша құжаттарды рәсімдеу тәртібін сақтамауға байланысты.

Микроқаржы ұйымдарына қатысты 28 ықпал ету шарасы қолданылды, оның ішінде:

— 3 007 600 теңге сомасына — 7 әкімшілік айыппұл;

— 19 жазбаша ұйғарым;

— 1 жазбаша ескерту.

Микроқаржы ұйымдарының негізгі бұзушылықтары микрокредит беру туралы шартының Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуіне, сондай-ақ кредиттік бюро және микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасының бұзуына байланысты болды.

Коллекторлық агенттіктерге қатысты 19 ықпал ету шарасы қолданылды, оның ішінде:

— 1 509 000 теңге сомасына 7 әкімшілік айыппұл;

— 10 жазбаша ұйғарым, 2 жазбаша ескерту.

Коллекторлық агенттіктердің басты бұзушылықтары коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын сақтамауға, оның ішінде борышкермен өзара әрекеттесу кезінде жосықсыз әрекеттерге жол беруге байланысты.