Қазақстандықтар интернетте 682 млрд теңгеге сауда жасады

57
Қазақстан
Фото: metamarketing.ru

Алматы. 07 тамыз. 7kun.kz — 2019 жылдың маусым айында Қазақстан аумағында қолданылатын карталар бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 1005,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 2,4 есеге және мамыр айымен салыстырғанда 8,4%-ға көп.

ҚР аумағындағы карталар бойынша төлемдердің жалпы көлеміндегі Алматының үлесі маусым айының қорытындысы бойынша мамыр айымен салыстырғанда өзгеріссіз қалды, 70%-ды құрады. Бұл ретте қазақстандық эмитенттердің карталары (ел ішінде және одан тыс жерлерде) бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2,3 есеге, 1 020,0 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы (ҚҚҚ) талдау орталығы хабарлайды.

Карталар бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көрсеткішінің банкоматтардағы қолма-қол ақшаны алуға қатынасы маусым айында 70%-ға дейін ұлғайып, кезекті максимумға жетті (көрсеткіш 100%-ды көрсеткен кезде ҚР аумағында пайдаланылған карталар бойынша қолма-қол ақшасыз төлем қолма-қол ақшаны алу бойынша операциялар көлемімен салыстырылады). Сонымен бірге, операциялардың жалпы көлеміндегі қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі (қолма-қол ақшасыз төлем және банкоматтардан шығару) маусым айында 41%-ға дейін өсті.

Өңірлер бойынша бөліністе маусымда ең үлкен өзгерістер Алматыдағы карталар бойынша транзакциялар көлемінің өсуіне қатысты болды (+52,0 млрд теңге). Қалған аймақтардың аумағындағы карталар бойынша төлемдер динамикасы, Алматы облысын қоспағанда, маусымда да оң болып шықты. 2018 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бірнеше өңір теріс динамиканы көрсетті.

Карталарды пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша «орташа чек» маусым айында 11 011 теңгеге дейін өсті (ай бұрын – 10 601), ал банкоматтан алу сомасының орташа мөлшері осы мөлшерден 4,3 есе асып, 46 584 теңгені құрады (бір ай бұрын — 44 349).

Сонымен қатар, ҚР аумағында пайдаланылған карталар бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің 68%-ы (682,3 млрд теңге) интернетте төлеуге, ал 31%-ы POS-терминалдар арқылы төлеуге (308,2 млрд теңге) тиесілі. Бұл ретте соңғы 12 айда Қазақстанда карталар бойынша транзакциялардың жалпы көлемінде POS-терминалдардың үлесі 11%-ға төмендеді.

2019 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша төлем карталарын шығаруды іс жүзінде 22 банк және «Қазпочта» АҚ жүзеге асырды.