Қазақстандықтардың проблемалық несие бойынша өсімақы мен айыппұлдары есептен шығарылды

134
4
Фото: businessman.ru

Алматы. 08 тамыз. 7kun.kz — Президенттің қарыз жүктемесін азайту туралы жарлығына сәйкес қазақстандықтардың мерзімі өткен несиелері бойынша айыппұл мен өсімақылары есептен шығарылды. Бұл туралы бүгін елорда әкімдігінде өткен брифингте Ұлттық банктің қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаев мәлім етті.

«30 миллиард теңгеден астам — бұл айыппұлдар мен өсімпұлдардың сомасы. Ұлттық Банк 30%-дан аспайтын бөлігін өтейді, қалғаны екінші деңгейлі банктердің шығындары есебінен. Бүгінде айыппұлдар мен өсімақылар есептен шығарылды», — деді ол.

Бұған дейін айыппұлдар мен өсімпұлдар 5 миллион қазақстандыққа 58,4 миллиард теңгеге есептен шығарылатыны хабарланған.

Еске сала кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусымда кейбір қазақстандықтар үшін несие жүктемесін төмендету туралы Жарлыққа қол қойды. Президент 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша кредиттік рақымшылық тек 3 млн теңгеден аспайтын қарыздарға қатысты болады деп атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша негізгі борыш пен ол бойынша есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешектің мөлшері бір қарыз алушыға 300 мың теңгеден аспауы тиіс.