Қазақстанның ЕАЭО елдері ішінде бюджет тапшылығы ең жоғары

Қазақстан
Фото: docplayer.ru

Алматы. 22 тамыз. 7kun.kz – Қазақстан республикалық бюджет тапшылығы тіркелген Еуразиялық экономикалық одақтағы екі елдің біріне айналды.

2019 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан бюджетінің кірісі 5,2 трлн теңгеден асты, шығыстар 5,5 трлн теңгені құрады. Бюджет тапшылығы 255,4 млрд теңге деңгейінде қалыптасты.

Қазақстаннан басқа, тапшылық Қырғызстанда тіркелді – 1,1 млрд қырғыз сомы. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия хабарлады.

Одақтың басқа елдерінде профицит байқалады. Мәселен, Ресейде 2019 жылдың I жарты жылдығында көрсеткіш 1,7 трлн рубль, Беларусьте – 2 млрд беларусь рублі, Арменияда – 121,9 млрд драм болды.

Долларға шаққанда Қазақстанның бюджет тапшылығы шамамен 700 млн долларды құрады, ал Қырғызстанда бюджеттің кірісі мен шығыстарын доллармен есептегенде айырмашылығы шамалы.

Бұл ретте Ресейдегі профицит 26 млрд долларға, Беларусьте – шамамен 900 млн долларға, Арменияда – 300 млн долларға жетті.

Айта кетейік, 2018 жылдың І жартыжылдығында Қазақстан бюджет тапшылығының көлемі бойынша Одақтың көшбасшысы болды. Аталмыш кезеңде бұл көрсеткіш 183,5 млрд теңгені немесе 0,6 млрд долларды құрады.