Қазақстанның өсімдік майы Қытайға экспортталады

Қытайдың ірі ауыл шаруашылық трейдерімен жасалған келісімге сәйкес, биыл 2 мың тонна өсімдік майын Қытайға жеткізу көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚР «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі.

«Қазақстандық өсімдік майын өндірушілер қытайлық кәсіпкерлермен іскерлік қарым-қатынас орната алады. Мұндай келісімге ҚР «Атамекен» ҰКП-ның  отандық ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу үшін,  Қытай компанияларын стратегиялық инвестор ретінде тарту мақсатында жүргізген келіссөздердің барысында қол жетті. Аталмыш жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында  жүзеге асырылмақ», — делінген баспасөз хабарламасында.

Екі жақты серіктестік нәтижесінде отандық тауар өндірушілер мен  «Сиань» Индустриялды корпорациясының бірлескен жұмысы басталды. Бұл компания ҚХР-дағы Шэньси аймағының ауылшаруашылығы индустриясындағы үздік кәсіпорын болып саналады және дәнді-дақылдар мен май өндірісі саласына арнайы мамандандырылған. Компанияның жеке   сауда-логистикалық желісі, қойма ғимараты және 1,5 мың сауда нүктесі бар. Екі жақты серіктестіктің нәтижесінде қазақстандық азық-түлік өндірушілер өз өнімдерін көрші елдің алып нарығына шығаруға мүмкіндік алды.

Отандық май зауыттарынан  2 000 тонна өнім бірыңғай темір жол контейнерлерімен тасымалданады. Айта кету керек, бұрын май Қытайға тек шикізат күйінде жеткізілетін. Майлы дақылдарды өңдеп, өсімдік майын өндіру көлемін арттыру отандық кәсіпорындарға қосымша табыс әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Аталған жоба бойынша Рапс майын өндіретін  Ақмола облысындағы «Agrimer-Astyk» ЖШС мен күнбағыс майын шығаратын  ШҚО-дағы «Сей-Нар» ЖШС  май өнімдерін өндіру мен өңдеуге және алынған өнімдерді Қытайға экспорттауға мүмкіндік алды.

Хабарламада айтылғандай, май өнімдерін жеткізу барысында транспорттық тасымал проблемалары жиі ұшырасады. Нақтырақ айтқанда, зауыттардың өндіріс және технологиялық қуаты контейнерлерге май жүктеуге жетпейді. Бұрын май жүктеу темір жол цистерналары арқылы іске асатын. Алайда қазақстандық өндірушілер бұл проблеманы арнайы май тасымалына арналған контейнер-флекситанк май құю бекеттеріндегі орындарды қайта жабдықтау арқылы шешкен болатын.

Қазіргі таңда Алматыда 88 контейнерден тұратын құрам жасақталып, ҚХР сатып алған май өнімдерін жеткізуге дайын тұр.

Сондай-ақ, «Айцзюй» компаниясы «Алматы өнім» ЖШС-мен кондитерлік өнімдерді тасымалдау жөнінде келісімшарт жасады. Өнімнің алғашқы легі жеткізілді, қытай тұтынушыларының арасында үлкен сұранысқа ие және сәтті тасымалдануда.

«Қытайдың «Айцзюй» өндірістік тобымен серіктестікті нығайту мақсатында «Атамекен» ҰКП Солтүстік Қазақстан облысындағы  май өндірісі мен дәнді дақылдарды өңдейтін құны 58 млн долларды құрайтын  екі жақты инвестициялық жобаның мақұлдануына қол жеткізді. Құрылыс жұмыстары осы жылы басталады. Зауыттың  қуаты жыл сайын 36 мың тонна өсімдік майы мен 25 мың тонна күнжара өндіруге жетеді деп болжануда», — дап атап өтеді ҰКП хабарламасында.