Қазпошта қалай цифрланып жатыр?

85

Әлемнің цифрлануы пошта қызметіне «төңкеріс» жасады. Цифрлық пошта, хаттан бастап, мерзімді басылым, сәлемдеме, интернет дүкендерден алған тауарларды тасымалдау, цифрлық жүйелермен қадағалау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану көп мемлекеттерде қалыпты құбылысқа айналды.

Қазақстанда цифрландыру жағынан қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Ең басты бағдарлама — «Цифрлы Қазақстан» белсенді жүзеге асып жатыр. Мұның аясында әр салада цифрландырудың белгісі байқалады. Еліміздегі басты пошта операторы – Қазпоштада өз қызметіне цифрландыруды белсене енгізіп жатыр.   

Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Сәкен Сәрсеновтың айтуынша былтыр франчайзингтік бөлімшелер желісін, цифрлық кеңселерді, онлайн қызметтерді дамыту мен дрондармен жеткізілетін мерзімді басылымдардың көлемін арттыру бойынша бірқатар жұмыс атқарыпты.

«2018 жылы біз онлайн қызметтерді дамытуға күш салдық. Қазірдің өзінде оң нәтижелерге қол жеткіздік. Бүгінде гипермаркеттерде күніне 500-1000 адам тіркеледі. Әзірге порталдың 620 мың бірегей пайдаланушысы бар. Өткен жылы елімізде электрондық  коммерция көлемінің едәуір ұлғайуы байқалды. Бүгінгі күні Қазақстанда 1 700-ге жуық кәсіпкер e-commerce саласында жұмыс істейді. 2019 жылы бұл көрсеткіш бірнеше есеге артуын қамтамасыз ету мақсатында белсенді жұмыс жасап келеміз. Қазақстанда интернет сатып алушылардың жалпы саны 2 млн 300 мың адамнан асады. Бұл 2017 жылмен салыстарғанда 18%-ға артық»,-дейді ол.

Бүгінде Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы 300 млрд теңгеге жетті. Ел аумағында жеткізілген сәлемдеме саны 35 млн-ды құрап отыр. Тұрғындар бұрынғыдай пошта қызметкерін апталап күтпейді. Сәлемдемелерді жылдам жеткізу үшін жаңа технологиялар көмекке келіп жатыр. Тіпті, қазіргі пошта халықты цифрлық сауаттылыққа да үйретеді.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында «Қазпошта» көмегімен 800 мың адам цифрлық біліктілігін арттырған. Ал, цифрлық кеңселердің қызметін 22 000-нан астам қазақстандық пайдаланған.

Бүгінгіде өз-өзіне қызмет көрсету режимінде сәлемдемелерді Қазпоштаның 214 сәлемдеме супермаркетінен және 151 пошта бөлімшесінен алуға болады. Биыл қаңтарда компания Астана және Алматы қалаларында тастамат деп аталатын жаңа технологиялардың желісін іске қосты. Қазіргі кезде 200-ден астам тастамат істеп тұр, ал жыл соңында олардың саны саны 1 000-нан асады.

Осылайша, пошта қызметкерлерінің араласуымен елімізде электрондық коммерцияны дамыту үшін көптеген жағдай жасалуда. Бүгінде еліміздің облыс орталықтарында цифрлық кеңселер жұмыс істеп жатыр. Оның басты артықшылығы – әр адамның дербес поштамен қаржы қызметтерін алу мүмкіндігіне ие болуында.

Сәкен Сәрсеновтің айтуынша компания  2018 жылы 7 цифрлық кеңсе және 1 робопост кеңсесін іске қосқан.

«Біздің роботтар Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Қостанай қалаларында жұмыс істеп тұр. Бұл бөлімшелер жаңа буын офистері болып табылады. Кеңселер тұтынушылар үшін заманауи технологиялармен жабдықталған», — дейді басқарма төрағасы.  

Тұрғындар тарапынан сұраныс болса мұндай кеңселер еліміздің басқа да қалаларында ашылуы мүмкін. Сонымен қатар, халыққа мерзімді басылым мен хат-хабарды дер кезінде жеткізу үшін жаңа технологиялар қолданылып жатыр. Енді бұрынғыдай сәлемдемеңізді күтіп сарғаймайсыз, ал алыс аймақтардағы тұрғындарға баспа өнімдерінің жедел жеткізілуі үшін Қазпошта ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізген болатын.

Қазір екі түрлі ұшу аппаратын қолданады. Оның бірі — 2 келіге дейін газет, журнал тасиды. Сондай-ақ, 4 килограмға дейінгі үлгісі бар. Ол 70 шақырымға дейінгі тасымалдауды қажет ететін ауылдық жерлер үшін қолданылады.

Нәтижесінде, шалғайдағы ағайынға газет пен журнал баспадан шыққан күні жеткізіліп жүр. Әйтпесе, ауа райының қолайсыздығы, жолдың ұзақтығы салдарынан басылымдар тұрғындарға кештеу жететін. Ұшқышсыз ұшу аппараттары бір күннің ішінде бірнеше елді мекенде болып үлгереді. Әрі газет, журналды жеткізу құны да арзандай түседі.

Қазақстандықтар өз-өзіне қызмет көрсету режимінде сәлемдемелерді Қазпоштаның 214 сәлемдеме супермаркетінен және 151 пошта бөлімшесінен алуға болады.

«Қаңтарда әріптестерімізбен бірге Астана және Алматы қалаларында тастамат деп аталатын жаңа технологиялардың желісін іске қостық. Қазірдің өзінде тұрғындарға 200-ден астам тастамат қол жетімді. Жыл соңына қарай олардың саны 1 000-нан асады. Бұл желі сауда және іскерлік орталықтарда ғана емес, тұрғын үйлердің баспалдақтары мен автотұрақтарда орнатылады», — Ұлттық компанияның басқарма төрағасы.

Осылайша, қазақстандық пошта қызметі цифрлық технологиялардың бірқатар элементін енгізіп үлгерді. Биыл да цифрландыруды белсенді түрде жалғастырмақ.