«ҚазТрансГаз» АҚ «ҚТГ Аймақ» пен «ҚТГ Өнімдерін» сатуға ниетті

134
сату
Фото: aktobetimes.kz

Алматы. 10 шілде. 7kun.kz — «ҚазТрансГаз» АҚ (ҚТГ) «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ (ҚТГ Аймақ) және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС еншілес компанияларының 100% акциясын сатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстандық қор биржасындағы ҚТГ хабарламасында жазылған.

«ҚазТрансГаз» АҚ кепілдік берілген облигациялардың әрбір ұстаушысына 2022 жылғы өтеу мерзімімен 4,375% пайыздық мөлшерімен 750 млн доллар сомасына кепілдік берілген облигациялардың әрбір иесіне өзінің «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ еншілес кәсіпорнының және «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС еншілес кәсіпорнының акцияларын немесе активтерін 100%-ға дейін үшінші тұлғаға («ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ немесе оның еншілес компаниясы болып табылмайтын) сатуға өз келісімін мақұлдау және «Интергаз Орталық Азия» АҚ мен Citibank N.A Банкінің лондондық бөлімшесі арасында жасалған 2017 жылғы 26 қыркүйектегі сенімгерлік басқару шартына осыған байланысты белгілі бір өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хабарлайды», — делінген хабарламада.

Келісім үшін сыйақы облигациялар бойынша әрбір 1 мың доллар негізгі міндеттемеге 4 доллар мөлшерінде белгіленген соманы құрайды.

Айта кетейік, «ҚазТрансГаз» АҚ тауарлық газды магистральдық газ құбырлары және газ тарату желілері арқылы тасымалдау жөніндегі орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, халықаралық транзитті қамтамасыз етеді және газды ішкі және сыртқы нарықтарда сатумен айналысады, құбырлар мен газ қоймаларын әзірлейді, қаржыландырады, салады және пайдаланады. Компанияның жалғыз акционері — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2002 жылы құрылды. Компанияның жалғыз акционері — «ҚазТрансГаз» АҚ. Компанияның қызметі таратушы желілер арқылы газ тасымалдауға, халықты, коммуналдық-тұрмыстық, өнеркәсіптік кәсіпорындарды авариясыз және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды басқаруға бағытталған.

«ҚазТрансГаз Өнімдері» — «ҚазТрансГаз» АҚ-ның еншілес ұйымы, автокөлікті газ отынымен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асырумен айналысады.