«Қорғас» қалай дамуда?

16
Қорғас
Фото: arnapress.kz

Америкалық Forbes журналында «Болашаққа сілкініс жасауы мүмкін 5 жаңа қала» деген мақала жарияланған болатын.  Бұл тізімде Ұлы Жібек жолы бойындағы Қорғас та бар екен.

Ұлы Жібек жолы – Батыс пен Шығысты байланыстыратын ежелгі сауда жолы. Ал халықаралық «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық орталығы Иран мен Парсы шығанағы, Орталық Азиядағы және Еуропадағы барлық жүк тасымалдарын қалыптастыратыны анық.

Мақалада Қорғас Еуразиялық қолжетімсіз полюсте орналасқандығы, теңізден ең алшақ орналасқаны айтылады. Расында Қорғастың Қытай шекарасы ар жағындағы халқы күн санап өсіп келе жатқандығын ескерсек, Қазақстан жағы тек темір жол станциясы болып отыр. Алайда Forbes журналы жуық арада барлығы өзгеруі керектігін, құрылысына 34 миллион доллар бөлініп отырған Нұркент қаласына үлкен үміт артып отырғанын ашық айтуда. Бұл сенімге негіз ретінде аз ғана уақыттың ішінде Астана қаласының өмірге келуі сөз етіледі.

«Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Жарлығымен 2011 жылы құрылғанын айта кету керек. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-н ашудағы мақсат – тиімді көлік-логистика және индустриалдық орталық құру, сауда-экспорттық қызметті және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту, сондай-ақ инвес­тициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, отандық және шетелдік инвестицияны тарту, аймақтың дамуын жеделдету, халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеру.  Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іске асып келеді. Бұл бағдарлама еліміздің көлік тасымалы әлеуетінің дамуына үлкен серпін беруде. Бұған қоса  Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға мүмкіндік береді деген үміт бар. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА ­тер­ри­ториясының жалпы аумағы 4591,5 гек­тар­­. Оның ішінде құр­ғақ порт – 129,8 гектар, логистикалық ай­мақ – 224,9 гектар, индустриалдық аймақ – 224,4 гектар, резервтік территория – 4012,4 гектар.

Былтыр 15 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белбеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ COSCO Shipping және Ляньюнган порты корпора­циял­а­рымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-н бірлесіп дамыту және KTZE – Khorgos Gateway ЖШС-нің 49 пайыз үлесін COSCO Shipping компаниясы сатып алуы жөнінде инвестициялық келісімге отырған болатын.

Қытай Халық Республикасымен өзара тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынас орнату – Қазақстанның сыртқы экономикалық жалпы даму стратегиясының басты бағыттарының бірі. Қытай қазіргі таңда Қазақстанның басты сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Шекаралық аймақтардың даму жолы инвестициялық климаттың ерекшелігімен, өндірістік факторлар құнымен, шекараны асып өтудегі транзакциялық шығындармен, көлік-логистика жағдайымен, шекаралық аймақтар мен постардың  инфрақұрылымына тікелей байланысты. Осы аспектілерден-ақ Қазақстанның шекаралық аудандарындағы аймақтарға деген көзқарасты өзгертіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін сол аймақтың экономикасын  ілгерілету міндеті тұрғанын аңғаруға болады. Транспорт коридорларының қызметі өзінің бизнесті жүргізудегі либералды шарттарымен, нарық шығындарының төмендігімен халықаралық бизнес өкілдерін, трансұлттық компанияларды, отандық және шетелдік инвесторларды өзіне тартады. Бұл әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда маңызды. Территория шекарасындағы барлық операциялар салық пен кедендік баж салығынан босатылады. Арнайы экономикалық аймақ құрудың артықшылықтары қандай деген сауал туындайтыны анық. Біріншіден, орналасуын атап өту керек. Екіншіден, мультимодальдігі. Яғни, темір жол мен авиахабарлама және магистралдарға мүмкіндіктер беруінде. Үшіншіден, тиімділігін айрықша атау керек. Бұл жоба болашақта басты хабқа айналатыны сөзсіз. «Қорғас» халықаралық орталығын ашу — Қазақстан және Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен қолға алынған ірі жобалардың бірі. Жоба Қытаймен арадағы сауданы жеңілдетуге, бәрінен бұрын екі елдің де транзиттік потенциалын көтеруге бағытталған.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің мақсаты қандай?

Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізі – әлемдегі бірегей жобалардың бірі. Ол 8,5 мың км-ге созылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі таңда Қиыр Шығыстан, Қытайдан шыққан тауарлар Еуропаға теңіз, Тынық және Үнді мұхиттары арқылы жеткізілетінін айтып, ал бұл дәліз жолды 3,5 есеге қысқартатынына баса мән берген. Шығыс Еуропа ­– Шығыс Қытай дәлізі Қазақстан аумағында Самара-Шымкент жолымен Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент қалалары арқылы өтіп,транзиттік көлікке Қытайға тек Ресей арқылы ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан және Оңтүстік Шығыс Азия елдері арқылы шығуға мүмкіндік береді. Бұл жобаның балама дәліздерден үлкен артықшылығы – оның ұзындығы мен жолда жүру уақыты. Теңіз дәлізі арқылы шыққанда жолға 45 күндей уақыт кетсе, ал Шығыс Еуропа – Шығыс Қытай дәлізі арқылы Ляньюньгань портының шекарасынан Еуропа елдеріне дейін небәрі 10 күн ғана кетеді.

Жоба жүктерді үш негізгі бағыт: Қытай – Қазақстан, Қытай – Орталық Азия, Қытай – Қазақстан – Ресей – Шығыс Еуропа бойынша қамтамасыз етеді. Қытай бастамасымен қолға алынған OBOR стратегиясы аясындағы жаңа Еуразиялық жобалардың инфрақұрылымы ауқымды түсінікті қамтиды. Бұл – автомобиль жолдары, темір жол, көпірлер және логистикалық желі, технопарк ғана емес. Шын мәнісінде, жаңа трасса келешектегі жарты ғасырда Еуразия дамуының инфрақұрылымдық дәлізіне айналмақ. Жақын болашақта игерілмеген аймақтар басты табыс көзіне айналатыны сөзсіз. Осындай инфрақұрылымдық жобалармен әрекет ететін аймақтар алдағы жарты ғасырда әлемдік нарықтың табысты мүшесіне айналу мүмкіндігіне ие болады.

«Южный Кавказ» саясаттанушылар клубының жетекшісі Ильгар Велизаде инфрақұрылымдық жобаның локомотиві ретінде Қазақстанды таңдау да кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев – интеграция идеясының авторы және идеяны іске асырушы. «Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесі Еуразиялық транзитті-транспорт потенциалын іске асыруда аса маңызды. Екіншіден, Қазақстан – географиялық тұрғыда халықаралық транзит пен сауданың маңызды тоғысқан нүктесі. Қытайдан шыққан ең маңызды трассалар, Иран мен Парсы шығанағына жол ашатын Солтүстік — Оңтүстік интермодальді дәлізі де Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Сондықтан Қазақстанның қатысуынсыз маңызды ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес» деп мәселенің маңыздылығын айқындады.

«Нұр Жолы» — Қорғас өткізу пункті жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда

Жуықта Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап, транзиттік әлеуеттің дамуымен танысу мақсатында Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» (ҚР) — Қорғас (ҚХР) өткізу пункті мен «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бірқатар нысандарымен таныс болды. Мұндағы «Нұр Жолы» — Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» ауқымды жобасының соңғы қорытындысы және Орталық Азия аумағындағы ең үлкен өткізу пункті. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен үйлесім тапқан Президенттің мемлекеттік бағдарламасы ең алдымен Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға бағытталған.  Бұл ауқымды заманауи көлік-логистикалық орталықтың құрылысы 2017 жылы басталған, биыл  27 қыркүйекте ашылған болатын. Жобаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік  қағидаты бойынша іске асырылды. «Нұр Жолы» өткізу пункті техникалық жабдықталу, көлік құралдарының өту жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша теңдессіз екені анық.  Үздіксіз  жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты 40 минутқа дейін қысқартылады.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Г.Амриннің кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге мүмкіндігі бар екенін атап өтті.  Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік бергені айдан анық.  Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізеді деген болжам бар. Мұндай өткізу пункті бар ірі сауда дәлізінің пайда болуы еліміздің инвестициялық тартымдығын арттырып, өңірлік экономиканың дамуына жаңа  серпін бермек. Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысымен де танысып, оның перспективасы хақында атап өткен. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда.

«Қорғас» ШЫХО жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін «Арнайы өткел» арқылы қосылған қазақстандық және қытай бөлігінен құралған. Жобаның бірегейлігі — орталықтың аумағында адамдар, тауар және көлік құралдары да визасыз еркін қозғала алады. «Қорғас» ШЫХО президенті Қ.Жазин екі ел тұрғындары тарапынан 2012 жылдың сәуір айында ашылған орталыққа деген қызығушылық жыл сайын артып келетініне тоқталды.

Бір айта кететін жайт, 2018 жылдың қаңтарынан қыркүйек айына дейін екі жақтан келушілердің жалпы саны 1 млн адамнан асқан.

Қазіргі таңда «Қорғас» ШЫХО» АҚ ауданы 236 га болатын резервтегі аумақтарды қосуды қарастыратын құрылыстың бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстарын аяқтады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, көпфункциялы сауда үйлерін және халықаралық іскерлік ынтымақтастыққа арналған орталықтарды, сондай-ақ, мәдени алмасу орындарын, білім және ғылыми оқыту орталықтарын, спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы бар демалыс орындарын салу жоспарда бар. «Қорғас» ШЫХО мәліметіне сүйенсек, орталық аумағында жалпы құны шамамен 356 млрд теңге болатын 27 инвестициялық нысан бар. Пайдалануға берілген сауда үйлерінің жалпы ауданы 24 663 шаршы метр. 2018 жылдың соңына қарай ауданы шамамен 40 000 шаршы метр болатын 2 инвестициялық нысанның құрылысын аяқтау көзделген.

Қорыта айтқанда, ШЫХО-ға АЭА мәртебесін беру кәсіпкерлікті дамытуға және инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасауда. ШЫХО-да тауар айналымы цифрландырылуда. Бұл кеден бақылауы процестерін автоматтандыруға жол ашады. Қазіргі таңда қазақстандық инвесторлар үшін инвестициялық нысандарда жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында бақылау-өткізу пунктерінде тәуліктік жұмыс режимі мәселесі шешілгенін баса айту қажет. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара маңы саудасы мен туризмді одан әрі жандандыруға ықпал ету  мақсатында Қытайдың бақылау-өткізу пунктінде 14 сағаттық жұмыс режимі іске қосылған.