Қытай Жамбыл облысындағы зауыт құрылысына 600 млн доллар инвестиция салуға ниетті

309
зауыт
Фото: dribbble.com

Алматы. 23 мамыр. 7kun.kz – North Huajin Chemical Industries Incorporated инвестициялық компаниясы «Тараз» химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) аумағында қуаты жылына 800 мың тонна өнім өндіретін аммиак пен карбамид өндіретін зауыттың құрылысын қаржыландыру мәселесін қарастыруда.

«Тараз »химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Досан Анасовтың айтуынша, әзірге бұл жобаны іске асыру мүмкіндігі туралы ғана әңгіме болып отыр.

«Компания өкілдері облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесіп, жобаны жүзеге асырудың барлық жолдарын талқылады. Сондай-ақ, Химпарк аумағында жер мен инфрақұрылымды зерттеген жобалаушылар болды. Оларды бірінші кезекте электр қуаты, газ және су сапасы қызықтырды. Бірақ бұл ертең мұнда қазандар соғылып, құрылыс басталады деген сөз емес. Бұл үдерістің алдында үлкен дайындық жұмысы тұр. Әзірше құрылыс-монтаж жұмыстарының басталу мерзімі 2021 жылға белгіленген», — деді Анасов.

Басқарма Төрағасы сондай-ақ қазіргі уақытта АЭА аумағында 4 қатысушы тіркелгенін, ал жақын арада тағы 2 қатысушы келуі мүмкіндігін атап өтті.

«Бұл аймақтың тұжырымдамасына сәйкес келеді», — дейді Досан Анасов.

Еске сала кетейік, 2012 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Оның дамуын 2037 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Тұжырымдамада негізгілері екі жоба көрсетілген. Біріншісі — құны 203 млн доллар болатын глифосат және үшхлорлы фосфор өндіретін зауыт 2018 жылы іске асырылуы тиіс еді. Екіншісі — құны 172,5 млн доллар болатын каустикалық сода мен хлор өндіретін зауытты биылғы жылға қарай аяқтау көзделіп отыр. Алайда, жобалардың аяқталу мерзімі кейінге қалдырылды. 21 мамыр күні ҚР Үкіметі отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Тараз» химиялық паркі» АЭА-ын тиімді емес деп атады.