Роботтар жұмыссыздықтың себебі болуы мүмкін

731

McKinsey&Company сарапшылары «алдағы 10 жылда кейбір мамандықтар мүлдем жойылып кетуі мүмкін» деп әсірелеудің қажеті жоқ екенін айтады. Дегенмен, зерттеушілердің пайымдауынша, автоматтандыру барлық салаға әсер ететіндіктен, одан түбегейлі айналып өту де мүмкін емес.

800-ден астам мамандыққа жан-жақты зерттеу жүргізген McKinsey компаниясы осындай қорытындығы келген. Америкалық еңбек статистикасының бюросы мен O*Net сайтының деректерін қолдана отырып, сарапшылар белгілі бір қызметкердің қандай да бір жұмысты істеуге жұмсайтын сағаттарын есептеп, сол әрекетті автоматтандырудың қаншалықты мүмкін екенін зерттеген.

Бұған дейін жүргізілген зерттеулерде қазір компьютерлер барлық жұмыста іске асатын әрекеттің 45 пайызын өзі жасауға қабілетті екені айтылған. Зерттеушілер «10 мамандықтың алтауында адам атқаратын жұмыстың 30 пайызын автоматтандыруға болады» деп те мәлімдеген. Дегенмен, біраз адамның орнын басатын компьютердің қабілеті жетпейтін мамандықтар бар. Олар қандай салалар?

Қабілеті де, ақылы да арта түседі

Америкалықтардың  жұмыста орындайтын әрбір бесінші тапсырмасы физикалық еңбек пен үйреншікті жағдайда жабдықтармен жұмыс істеуді қажет етеді. Техниканың қазіргі мүмкіндігімен мұндай жұмыстың 80 пайызын автоматтандыруға болады. Мысалы, өндірістік кәсіпорында, тамақ істеу мен дүкен-маркеттерде сауда жүргізу секілді қызметтерді айтуға болады.

Мысалы, өндірісті айтайық. Бұл сала қызметкерлері көбіне өнімдерді қаптап, жабдықтарды іске қосып, олармен жұмыс істеп я жүктерді тасымалдаумен айналысады. Мұндай жұмыстарды автоматтандыру оңай: дәнекерлеушінің де, кесушінің де, тіпті қыздырушының да жұмысын роботтар істей алады. Қоғамдық тамақтану саласының біраз қызметкерінің де жұмыссыз қалу қаупі бар. Әзірлеу, жинау, сусындарды құю секілді жұмыстар — роботтар орындауға қабілетті әрекеттің бір бөлігі ғана.

Белгілі бір техниканың пайда болуы жұмыс берушілердің қызметкерлерді жаппай жұмыстан шығара бастайды деген сөз емес. Күнделіктегі жұмыстағы әдет инерциясы, экономикалық мақсатқа сай әрекет секілді маңызын жоғалтпайтын факторлар адамдарға деген сұранысты біраз сақтап тұр. Алайда, зерттеушілердің айтуынша, компьютердің санасы жыл өткен сайын жетіліп жатыр және біраз уақыттан кейін мықты мамандар жасай алатын біраз қызметті ол да өз жауапкершілігіне ала алады.

14689264_393480854373104_243079545_o
Білімді қаржыгерлер ғана жұмыс орнын сақтай алады

Қаржы саласынының қызметкерлері ақпаратты жинау мен өңдеуге біраз уақыт жұмсайды. Олардың кейбірі білімі мен ақылы қаншалықты көп болса да, қағаздағы ақпараттарды компьютер жүйесіне қолмен енгізу сияқты қажетсіз жұмыспен айналысуға мәжбүр. Қызметтерді компьютеризациялау қаржыгердің интеллектіні қажет етпейтін үйреншікті жұмыстардан босауына көмектеседі. Қазірдің өзінде тауарлардың тізімін жүйеге енгізу, кредиттік өтініштерді өңдеу секілді жұмыстарды компьютерлер істейді және олар жасауға қабілетті жұмыстар саны күн сайын артып келеді.

Қаржы саласында үйреншікті жұмыстарды автоматтандыруға біраз жұмыс беруші үміт артып отыр. Себебі, инвестициялық банкирлер, сақтандырушылар, трейдерлер өзінің уақытының біразын роботтар оңай істей алатын жұмыстарға жұмсайды да, кімнің шын мәнінде кәсіби маман екені анық көрінбейді. Егер зерттеушілердің болжамы тура келсе, қызметкерлер өздерінің қабілеттері мен тәжірибесін қолданып, өзін маман ретінде өсіре алады.

Келешектің мамандығы

Ал қандай қызметкерлер жұмыстан шығып кетемін деп қорықпауына болады? Қызметкерлерді басқарып, жоспарлап және шешім қабылдап, шығармашылықпен айналысуды қажет ететін салаларды автоматтандыру қиынға соғады.

Компьютерлер жүк машиналарының маршрутын реттеу секілді нақты тапсырманы жақсы істей алады, бірақ кейбір салаларда әзірге адамның орнын басуға қауқарсыз. Адамның қабілеттері қандай да бір ұйымның даму жоспарын реттеп, зерттеудің нәтижесін сараптап, қиын жағдайға тап болғанда шешімін табуға қажет. Осындай тұжырым жасаған McKinsey сарапшылары «денсаулық сақтау мен білім беру саласын автоматтандыру оңай соқпайтын бағыттар» деп атады.

Науқастармен әңгімелесіп, қиын жағдайда шешім қабылдауды қажет ететін дәрігерлер мен әр оқушыны жеке зерттеп, оларға білім берудің өтімді жүйесін қарастыратын мұғалімдер жұмыссыздық жайлы алаңдамауына болады. Дегенмен, автоматтандыру білім беру, денсаулық сақтау, экономика сияқты салалардың ешбірін айналып өтпейді. Кейбір сарапшылар білім беру саласындағы тазалау, ас әзірлеу, жеке бас ақпараттарымен жұмыс істеу секілді барлық жұмыстың 27 пайызын роботтар да істей алатынын айтады.