Салымшылар мүддесі: сақталуына кепілдік берілген өтем ақшаның көлемі қандай?

12
Максим Золотухиннің фотосы. Автордың келісімінсіз жариялауға тиым салынады

15 млн теңге. Бүгінде Қазақстанда жеке тұлғаның әрбір банкте әр қалай валютада ашылған түрлі салымдары бойынша сақталуына кепілдік берілген ең жоғары жиынтық ақша осынша соманы құрайды. Яғни, депозиттерге кепілдік беру жүйесі салымшының әрбір банк бойынша ашылған салымдарына жеке-жеке қолданылады деген сөз.

Әрине, бұл ретте әрбір депозит түрі бойынша сақталуына кепілдік берілген шекті сомалар ескеріледі. Олардың көлемі салымның түрі мен валютасына тікелей байланысты. Нақты айтар болсақ, кепілдік сома:

  • теңгеден басқа, шетел валюталарында ашылған депозиттердің барлық түрі бойынша – 5 миллион теңгеден;
  • теңгедегі жинақ салымнан басқа, барлық мерзімсіз және мерзімді салымдар, олардың ішінде талап етілмелі салымдар, шартты салымдар, төлем карточкалары мен ағымдағы шоттар бойынша – 10 миллион теңгеден;
  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 15 миллион теңгеден аспайды.

Өтем ақша банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақымен бірге төленеді. Яғни, банк лицензиясынан айырылған күнге дейін есептелген сыйақылардың сақталуына да кепілдік берілген. Бұл норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылып келеді. Бұған дейін кепілдік тек капиталдандырылған сыйақыларға ғана қолданылып келген болатын.

Шетел валютасындағы салымдардың өтем ақшасы банк лицензиясынан айырылған күнгі айырбас бағамы бойынша теңгемен есептеліп төленеді.

Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдар мен мемлекеттік сыйлықақы қарастырылған білім беру салымдары да кепілдік берілген депозиттер қатарына кіреді.

Әрине, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) тарапынан кепілдік берілмеген салымдар да бар.Атап айтар болсақ, олар: депозиттік сертификаттар, ислам банктеріндегі салымдар, жеке тұлғалардың металл шоттары, банк ұяшықтарында сақталуда жатқан ақшалар мен құнды заттар және заңды тұлғалардың депозиттері.

Сонымен кепілдік берілген өтемнің көлемі көп пе, аз ба? Халықаралық стандарттар бойынша өтем деңгейі салымшылардың басым бөлігінің салымдарын толық қамтуға жеткілікті болуы тиіс және жан басына шаққанда 1-2 Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) шегінде болуы керек.

Қазақстанда қазіргі уақытта кепілдіктің жалпы жиынтық көлемі (15 млн теңге) жан басына шаққанда ЖІӨ-нен 4,0 есе, ал шетелдік валютадағы депозиттер бойынша кепілдік сомасы (5 млн теңге) жан басына шаққанда ЖІӨ-нен 1,3 есе жоғары. Кепілдік мөлшері салымшылар шоттарының (99,8%) пайызын толық көлемде қорғайды. Әрине, әрқашан бұлай болып келген жоқ. Қор құрылғалы 20 жылдан астам уақыттан бері теңгелік салымдар бойынша өтем ақшаның мөлшері бірнеше рет өзгерді. Нақты айтар болсақ:

  • 1999-2002 жылдар аралығында 200 мың теңгеге дейінгі депозиттер толығымен кепілдендірілді, ал одан асатын салымдар бойынша кепілдік сомасы салымның көлеміне қарай әр түрлі мөлшерде қолданылды;
  • 2002 жылдың 1 шілдесінен бастап кепілдік мөлшері салымның қай валютада ашылғандығына қарай белгіленді. Теңгелік мерзімді салымдар бойынша кепілдік сомасы 400 мың теңгеден, ал ең қарапайым – талап етілгенге дейінгі салым бойынша 50 мың теңгеден аспады. Бұл ретте оның сыйақысына кепілдік қолданылмады. АҚШ доллары мен еурода ашылған мерзімді салымдар бойынша өтемақы салым сомасының 90 пайызын құрады, бірақ Ұлттық Банктің ресми бағамына қарай 360 мың теңгеден аспады.
  • 2003 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бір немесе түрі мен валютасына қарай әр түрлі салымдар бойынша кепілдік сомасы сыйақыны есептемегенде 400 мың теңгені құрады.  
  • 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап өтемақы мөлшері ұлғайтылып, 700 мың теңгеге жеткізілді.
  • 2008 жылы әлемдік қаржы дағдарысы басталған шақта өтемақы мөлшері 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Кейінірек салымшылардың банк жүйесіне деген сенімін сақтау және қаржы дағдарысын еңсеру мақсатында кепілдік сомасы 5 миллион теңгеге дейін арттырылды.
  • 2015 жылы долларсыздандыру саясатын жүзеге асыру аясында кепілдік берілген шекті сома 10 млн теңгеге дейін жоғарылады. Бұл ретте шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік сома өзгеріссіз — сол 5 миллион теңге көлемінде қалды.
  • 2018 жылы ұзақ мерзімді өтімділік нарығын құру және банк саласында тұрақты қор жинау жүйесін қалыптастыру мақсатында депозиттің жаңа түрі – жинақ салым енгізілді. Тартымдылығын арттыру үшін ол бойынша кепілдік берілген шекті сома 15 млн теңге болып белгіленді.

Кепілдік берілген өтем ақша салымшыларға, яғни жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге қандай жағдайда беріледі? Мұндай өтем депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы қандай да бір екінші деңгедегі банк қаржылық дағдарысқа ұшырап, барлық банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған жағдайда беріледі.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда төлемге қабілетсіз банк салымшыларының өздеріне тиесілі өтемді қалай алатындығы осы банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 35 жұмыс күні ішінде шешіледі. Бұл ретте алдымен төлемге қабілетсіз банктің активтері мен мүліктері жеткілікті болса, оның активтері мен мүліктерін, олардың ішінде жеке тұлғалардың депозиттерін басқа – істеп тұрған банкке өткізу шарасы қолға алынады. Бұл Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агентттігінің (Агенттік) мақұлдауымен жүзеге асырылады. Егер сатып алушы банк табылмаса немесе Агенттік мұндай операцияны жүргізуден бас тартса, Қор салымшылар алдындағы міндеттемелерді өз жауапкершілігіне алады.

Осылайша төлемге қабілетсіз банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде Қор төлемдердің басталу күні, агент банктің тағайындалғандығы, оның мекенжайы мен төлем мерзімі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және өз сайтында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды. Бұл ақпарат Агенттік пен агент банктің сайттарына да орналастырылады. Әрі қарай Қор хабарландыруды жариялаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде кепілдік берілген өтемді төлеу шарасы басталады.

Айта кетелік, Қор 2020 жылдың 18 қыркүйегінде лицензиясынан айырылған «Tengri Bank» АҚ салымшыларына өтем ақшаны агент банк арқылы сол жылдың 30 қыркүйегінен бастап, яғни 8 жұмыс күні өткен соң-ақ  төлей бастады. Бұл ретте «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ салымшылары да өздеріне тиесілі ақшаларына банк лицензиясынан айырылған күн – 2021 жылдың 12 ақпанынан бастап, 8 жұмыс күні өткен соң-ақ қол жеткізді. Ал осы жылдың 25 маусымында лицензиясынан айырылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына агент банк арқылы кепілдік берілген өтем төлеу – банк лицензиясынан айырылған күннен бастап 6 жұмыс күні өте салысымен – яғни, 3 шілдеде басталды. Осылайша салымшылардың кепілдік берілген өтемге барынша тез қол жеткізуі олардың отандық банк жүйесіне деген сенімдерін нығайта түседі. 

Сөз соңында еске саламыз, өтем ақша салымшылардың өтініш беруіне қарай төленеді. Яғни, өтініш берген салымшының өтем алу құқығы расталған соң, оған тиесілі өтем ақша өтініш және тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде төленеді.

Салымшылар өздеріне тиесілі ақшаны өтініште көрсетілген тәсілдер бойынша: қолма-қол ақшамен алуға, басқа банкке аударуға немесе агент банкте жаңа депозитке салуға құқылы.