ЛОНДОН – Ғаламдық экономиканың сандық жүйеге біртіндеп көшуі өнімдер мен қызмет түрлерінің әлемде өндірілу, таралу және сатылу процесіне үлкен өзгеріс әкеліп жатыр. Бұлтты есептеу, жасанды интеллект, автономды жүйелер және «смарт құрылғылар» жаңа салаларды тудырып, ескілерін түбірімен өзгертіп жатыр.

Бұл өзгерістер көп жақсылық әкелгенімен, сандық жүйеге өту жылдамдымығы әр елдің өз ішінде және әлемде басқару саласында үлкен проблемалар тудырды. Көпжақты, аймақтық және екіжақты сауда және инвестиция келісімдеріне негізделген жаһандық ережелерге сандық технологиялардың әсерінен болған жаңа процестер өзгерістер әкеліп жатыр.

Бұл ел үкіметтерінің сандық экономикаға аяқ басуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Қытай Интернетті фильтрлеу, мәліметті локалдандыру (Интернет компанияларының мәліметтерді ішкі серверлерде сақтауды талап етуі), және сандық дамуды жеделдету үшін технологияны күшпен көшіру әдістерін қолдану арқылы өз сандық индустриясын қалыптастырып жатыр. Бұл Қытайдағы Tencent, Baidu сияқты ірі фирмалардың пайда болуына жол ашқанымен, кейді пікір білдіру және ақпаратқа қол жеткізу бостандықтарына кері әсерін тигізіп келеді.

АҚШ сияқты елдердің үкіметтері мұндай сандық саясатты сандық экономика бәйгесінде жеңіске жететін мүмкіндік деп қарастырады. Алайда, кей елдер қазіргі нормативтік ортаны пайдаланып, өздерінің сандық мүмкіндіктерін арттырып қалуға тырысып жатса, дамушы елдердің көбі кешеуілдеп қалатын түрі бар.

Оның бір себебі – қазіргі жаһандық ережелердің тиімділігі төмендеп барады. Дүниежүзілік сауда ұйымының «Сауда қызметтері туралы жалпы келісімі» қызмет түрлерін сатуды түрлі «жеткізу әдістері» арқылы реттейді. Дамушы елдердің көбі қызметтерді шекара арқылы жеткізуді оңайлатуға уағдаласқан («сауда режимі»), бірақ олар сандық экономика мемлекеттер арасындағы экономикалық қарым-қатынасты қаншалық өзгертіп, қызмет түрлерінің шетелдерге қаншалық көп таралатынын болжамаған да еді. Бүгінде мұндай міндеттемелер экономикалық тұрғыдан зор мәнге ие болып, дамушы елдерге үлкен салмақ түсіріп отыр.

Соңғы жылдары сандық экономиканы басқару туралы пікірталас өршіп кетті. Көпшілігі АҚШ-та орналасқан мемлекетаралық сандық компаниялар бүкіл әлемде жеңіл ережелер орнатуды, соның арқасында тәртіпті түсінікті етіп, үкіметтердің сандық мәліметтердің таралуына көп кедергі келтірмеуін қамтамасыз етуді сұрайды.

Бұл талаптарды қолдаған Обама әкімшілігі сандық сауданы АҚШ-тың сауда саясатының негізгі бөлігіне айналдырды. «ХХІ ғасырдың сауда ережелеріне», атап айтсақ, «Тынық мұхитындағы әріптестік» (ТРР), «Трансатлантикалық сауда және инвестиция әріптестігі» (ТТІР) келісімдеріне мәліметтердің еркін таралауы, мәліметтерді локализациялауға, технологияны күштеп көшіруге тыйым салу сияқты ережелер енгізілді. Мұндағы мақсат – салада жаһандық ортақ ережелерге алғашқы қадам жасау үшін басты екі нарыққа – Азия – Тынық мұхиты (ТРР келісімі аясында) және Еуропа одағына (ТТІР келісімі аясында) сандық тәртіп орнату болатын.

ТРР аясындағы сандық ережелер бойынша келіссөздер ауыр болғанымен, сәтті аяқталды, Обама әкімшілігі ТРР-дағы бірнеше әріптесінің шығарылған өнімдеріне нарықта жол ашу арқылы оларды өз жағына тарта алды.

ТТІР келіссөздері бұдан да қиын болды, себебі, Франция, Германия сияқты Еуропаның кей елдері Еуропаның сандық экономикасын Американың компаниялары билеп-төстеп алады деп қорқып, бұл ережелерді қолдай қоймады. Еуропаның көп елінің мақсаты — сандық бәйгеде елден қалып қоймау.

Протекционистік сауда ережелерін жақтап, «дәстүрлі» зауыт-фабрика өнеркәсібіне қолдайтын Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланған соң сандық ережелердің болашағы бұлыңғыр болып қалды. Трамптың ТРР келісімінен шығу туралы шешімін АҚШ-тың сандық индустрия өкілдері өте нашар қабылдады. Сандық сауда ережелері ТТІР аясында қалай жұмыс істейтінін әлі байқауымыз керек, Трамп оны жандандыруға шақырған еді.

Трамптың сауда саласындағы әрекеттеріне қарамастан, ДСҰ-ның ішінде, сондай-ақ, «Солтүстік Америка еркін сауда келісімін» қайта қарау аясында АҚШ, Канада және Мексика арасында сандық экономиканы басқарудың жаһандық ережелерін өзгерту жолындағы әрекеттер жалғасып жатыр. Бұл пікірталас алда әлі де қыза түспек.

Әзірге ережелердің түсініксіздігі дамушы елдерге соншалық қатты әсер ете қойған жоқ, сондықтан оның ғаламшардың Оңтүстігі үшін экономикалық шығындары өте аз болды. Алайда, егер әлемнің ең ірі үш экономикасы – АҚШ, Еуроодақ және Қытай сандық сауда мен жаһандық мәліметтер алмасу ережелерін бір ізге келтірмесе, жағдай ауырлай түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда дамушы елдерге сандық ережелерді қабылдау тұрғысынан үлкен қысым болады.

Жаңа ережелерді жақтаушылар дамушы елдерді бұл тәртіпке ашық түрде мойынсұнуға шақырып жатыр. Себебі, егер олар жаһандық реттеу жүйесінен оқшау жұмыс істесе, бұл олардың өз ішіндегі сандық дамуға кері әсерін тигізеді әрі жаңа технологиялық салаларға қатысуға кедергі келтіреді. Бірақ, жаңа ережелер біршама теңсіздікке де жол беруі мүмкін, ал бұған ДСҰ-ны құрып, солтүстік пен оңтүстік арасында сауда келісімдерін жасауға негіз болған Уругвай келіссөздері кінәлі.

Көпжақты және екіжақты келісімдерде дамушы елдер дамыған елдердің нарықтарына оңай кіру мүмкіндігін алу үшін көбіне өздерінің «ықпал ету кеңістігін» шектеуге келісім берген. Бүгінде көп сарапшылар мұның салдары ауыр болатынын, яғни дамушы елдер экономиканы әртараптандырып, құрылымдық өзгеріс енгізу тетіктерінен айырылып қалуы мүмкін екенін, соның кесірінен олар экономикалық және технологиялық жарыста дамыған елдерден артта қалуы ықтимал екенін айтып жатыр.

Сандық сауда мен электрондық коммерция жөніндегі жаңа ережелер осыларды ескере отырып жасалуы керек. Ережелер мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты реттейтіндіктен, оны әзірлеушілер сандық сауда бұрынғы дәстүрлі сауда кезіндегідей теңсіздікті арттырып жібермейтініне көз жекізуі керек.

Автор туралы: Шамель Азме – Бат университетінің халықаралық даму және халықаралық саяси экономика бойынша ассистент-профессоры, Лондон Экономика және саясат мектебіне шақырылған зерттеуші.

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org