Сапарбаев: Қырғызстанға 24 мың адам көшкен

4226
24
Фото: Vlast.kz

Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz — Жамбыл облысы Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктерден кейін Қазақстаннан Қырғызстанға 24 мыңға жуық адам шекара өткізу бекеттері арқылы көшті. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті.

«Бүгін таңертең Аухатты, Қарасу өткізу бекеттерінде болдық. Өткізу бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Қазіргі уақытта ол жаққа (Қырғызстанға) 24 мың адам көшкен. Кешегі күннен бастап ақсақалдар, әйелдер, жастар қайтып келе бастады», — деді Сапарбаев Сортөбе ауылындағы брифингте.

Еске сала кетейік, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылында тұрғындар арасында топтық төбелес болған. Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы ҚР ҚК 293 бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Өкінішке қарай, жаппай тәртіпсіздік кезінде 10 адам қаза тауып, 43 адам ауруханаға жатқызылды. Бүгінгі таңда 39 адам ауруханаға ем қабылдап жатыр», — деді Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди ОКҚ брифингінде.