Сапарбаев жер қойнауын пайдаланушылардан келісімшарттық міндеттерін орындауды талап етті

306
міндеттер

Ақтөбе. 6 қыркүйек. 7kun.kz — Ақтөбе облысының әкімдігінде энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, «KAZENERGY» ассоциациясы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың басшылары мен өңірдегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қатысуымен өткен жиналыста келісімшарттық міндеттердің мемлекет басшысының тапсырмасы аясында орындалуы қаралды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгінде өңірде тіркелген қатты пайдалы қазбалар өндіретін 19 жер қойнауын пайдаланушының алтауы міндеттерін 30 пайыздан төмен орындап отыр. Сондай-ақ, көмірсутек шикізатын өндіруді жүзеге асыратын 30 жер қойнауын пайдаланушының тоғызы міндеттерін 30-50 пайыздан төмен орындап отыр.

— Аутсайдерлердің қатарында жыл сайын сол баяғы компаниялар болып отыр. Осыған байланысты өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында тиісті министрліктердің басшылығынан соңғы үш жылда өз міндеттерін орындамаған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттарын бұзу бойынша шараларды қолдануды, сонымен қатар,  бұдан бұрын бұзылған келісімшарттар бойынша инвесторларды іздеуге қолғабыс етуін сұраймын. Жер қойнауы өңір экономикасына, халықтың игілігі үшін  жұмыс жасауы қажет,-деп атап өтті облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.