Сауалнама: Жұмысссыз қалудан қорқасыз ба?

115
2020
Фото: Оркен-Media

Жұмыссыздық қоғам мен мемлекетке қауіп төндіруі мүмкін. Табыс болмаған кезде адам ақша табу үшін түрлі әрекетке барады. ҚР Статистика комитетінің 3-тоқсандағы аймақтар бойынша жұмыссыздық деңгейін есептеген дерегіне сүйенсек, Алматы қаласы алғашқы орында тұр.

Қазіргі қоғамда адамдар жұмыссыз қалудан қорқа ма? Осы тақырыпта түрлі сала мамандарынан сұрап көрдік.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Балбибінің мектепте қызмет атқарғанына — 10 жыл. Оның айтуынша, мамандығына сұраныс аз. Бірақ, жұмыссыз қалу қорқыныш емес. Бастысы — табыс көзін таба білу.

Балбибі Досаева, мұғалім:

Біз мемлекеттік қызметте болған соң барынша жұмысымызға өзгелерден гөрі жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне сұраныс көп деп айта алмаймын. Бірақ, оқу бітірген соң бірден жұмысқа орналастым. Үш жыл бұрын қысқартуға іліктім. Сол кезде  ата-анамнан, достарымнан қатты ұялдым. Бірақ, соның арқасында тәтті пісіруді үйреніп алдым. Сондықтан, жұмыссыз қалудан қазір аса бір қорықпаймын. Қыз бала кез келген қиындықтан шыға алады.

Бюджеттік қызметке тәуелді Гүлмаржанның мамандығы — дәрігер. Ол қосымша жұмыстармен айналысса да, оның мамандығы бойынша жұмыссыз қалған кезі болмапты.

Гүлмаржан Бекмұратқызы, дәрігер-терапевт:

Осы уақытқа дейін екі рет жұмыс орнын ауыстырдым. Алғашқы дәрігерлік жұмысымды №12 қалалық емханадан бастадым. Қазір №5 қалалық емханада терапевт боп қызмет атқарамын. Өз жұмысыма көңілім толады. Интернатураны оқып жүрген кезімнен бастап қызмет атқардым. Жұмыссыз қалған кезім болған жоқ. Бірақ оқу бітірер кезде Алматы қаласынан жұмыс таба алам ба деп қатты уайымдадым. Қоғамдағы жұмыссыздық деңгейі кейбір адамдардың мамандығын дұрыс таңдамауынан болады деп ойлаймын.

Құрманғазы атындағы Консерваторияның 3-курсында оқитын Нұржан 9 жерде қызмет атқарады. Оның ішінде қызмет ету орындары да бар. Нұржан жұмыссыздықты, еңбек етпеуді өзіне ұят санайды.

Нұржан Маралұлы, дирижер, xореограф:

13 жасымнан бастап жұмыс істеймін. Ата-анам еңбекке ерте баулығандықтан, нәтижесін ерте білдім. Қазір 9 жерде жұмыс істеймін. Адам ниеттенсе, бәрі де болады. Жұмыс таңдарда өзіме ыңғайлы уақытын әрі айлық мөлшеріне қараймын. Бірақ, талғамауға тырысамын. Әр адам тұлға болып қалыптасқаннан бастап, өз нанын өзі табуы керек. Ата-анаға, бауырға арқа сүйеп өмір сүру ер адамды бойкүйездікке, болашақта әйелінің табыс көзіне өмір сүруге әкеледі.

Ал Дәурен студент кезінде қызмет етпесе де, қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Оның ойынша, қандай жағдай болса да, әрбір адам өз мамандығымен жұмыс істегені дұрыс.

Дәурен Азаматұлы, геодезист:

Университеттен кейін алғашқы жұмысыма орналастым. Бірақ мамандығым бойынша болмаған соң өзімді жайсыз сезінетінмін. Адам өзі оқыған, білетін саласында қызмет еткені дұрыс деп ойлаймын. Қазір мамандығыммен жұмыс жасаймын. “Ең ауыр жұмыс – ештеңе істемеу”. Расында, жұмыссыздық уайым мен күйзеліске алып келеді деп ойлаймын. Сондықтан, ер-азаматтардың жұмыссыз болмағаны дұрыс деп ойлаймын.

Ләйләнің негізгі мамандығы — филолог. Осыған дейін бірнеше жерде қызмет еткен. Жұмыссыз қалған кезі де болған. Бірақ, әр нәрсені дұрыс пайдалану керек деп есептейді.

Ләйла Досымбаева, банк қызметкері:

Жұмыссыз қалу аса бір қорқынышты нәрсе емес деп ойлаймын. Бірақ негізгі айналысатын кәсіп болу керек. Осы уақытқа дейін бірнеше жерде қызмет еттім. Жұмыссыз қалған кезім де болды. Бала кезімнен ақша тауып үйренген соң ба, қатты қиналмадым. Кейбіреулер күйзеліске түседі ғой. Ал мен демалдым. Ақша маңызды болған соң, тұрақты түрде жұмысың болмаса да, табыс көзін таба білу керек.

Ауылдағы ата-анасы зейнетте болған соң, Айдар оқуының ақшасын өзі төлейді. Әрі бауырларына да көмектеседі.

Айдар Мұрат, студент:

Оқудың ақшасын өзім төлеймін. Сол үшін жұмыссыз қалудан қатты қорқамын. Жауапкершілік артылған соң, міндеттелген қызметті тиянақты орындауға тырысамын. Бірақ, қатарластарымның тек қана сабақ оқитындарына қарап қызығамын.

Арайлым өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмаған. Сол үшін саудамен айналысуды жөн көріпті.

Арайлым Балгереева, сатушы:

Балаларымның оқуын төлеу үшін саудаға шығып кеттім. Негізгі мамандығым – бугхалтер. Мамандығыма сай жұмыс таба алмадым. Қазір саудадан жақсы табыс түскен соң басқа жұмыс іздегім де келмейді. Бірақ, жұмыссыздықтан қорқамын. Сол үшін балаларымды өмірге икемді етіп тәрбиелегім келеді.

Ақботаның мамандығы — заңгер. Бір қызығы, осы уақытқа дейін жұмыс істеп көрмеген.

Ақбота Әділгерей, магистрант:

Биыл магистратура бітіремін. Шынымды айтсам, резюмені толтыруға ұяламын. Осы уақытқа дейін мамандығым бойынша да, басқа салада да жұмыс істемедім. Негізгі табыс көзім – шәкіртақы. Оқу бітірген соң жұмыссыз қалам ба деп қатты уайымдаймын.

Психолог Светлана Құдиярованың пікірінше, жұмыссыз жастар қоғамға қауіп төндіруі мүмкін.

Жалпы, әрбір тұлға өзінің қоғамдағы рөлін сезінуі тиіс. Деңгейі мен өз бағасын алу арқылы қоғамға керек екенін сезінеді. Ал ол үшін қызмет ету керек. Уақыты бос өткен, атқарылатын жауапкершілігі жоқ тұлғаның өз-өзіне деген бағалауы төмендейді. Сондай-ақ, түрлі діни ағымдарға, қылмыстық топтарға, санасыз істерге бейім келеді. Осыдан келіп, бүкіл қоғам бұзылуы мүмкін.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 5%-ға дейін төмендеген. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, бұл деңгей 2019 жылға дейін сақталады.